Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, өндіріс орындарын көбейту және өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде негізгі капиталға салынған жалпы инвестиция көлемі 1 трлн 466,5 млрд теңгеге жетті. Ал шетелдік инвестициялар көлемі 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысымен 546,6 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық әлеуетінің артып келе жатқанын және кәсіпкерлік пен өндіріс салаларына қаржы тарту жұмыстарының жалғасып жатқанын аңғартады. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қанат Шонбасов баяндады.
Брифинг барысында басқарма басшысы облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, өнеркәсіп өндірісінің көлемі, индустриялық аймақтардың жұмысы және алдағы кезеңге жоспарланған бастамалар жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, өңірде жаңа өндірістерді іске қосу арқылы жұмыс орындарын көбейтуге, отандық өнім көлемін арттыруға және экономиканың өндірістік бағытын күшейтуге басымдық беріліп отыр.
«Түркістан облысында жалпы құны 3,2 трлн теңгені құрайтын 142 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Атап айтқанда, 2026 жылы жалпы құны 278 млрд теңге болатын 69 инвестициялық жобаны іске асыру және 3 849 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 109,8 млрд теңгеге 34 жоба іске қосылып, 1 499 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасының Жалпыұлттық пулы аясында алдағы жеті жылда облыста 1,6 трлн теңгеге 101 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 20 958 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, Түркістан облысында жыл басынан бері 1 трлн 513,5 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Атап айтқанда, тау-кен өндіру саласында 644,2 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, ал өңдеу өнеркәсібінде 763,7 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында 2026 жылы 640 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде оның 12-сі іске қосылып, инвестиция көлемі 34,3 млрд теңгеге жетті.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 1 931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ құрылған. Онда құны 66 млрд теңге болатын 60 жоба іске қосылып, 3 328 адам жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, 2026-2029 жылдары индустриалды аймақтарда 92,4 млрд теңгеге 45 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2 636 жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруда «TURAN» арнайы экономикалық аймағының да маңызы зор. Жалпы аумағы 1 450 гектарды құрайтын арнайы экономикалық аймақ 6 қосалқы аймақтан тұрады. Қазіргі таңда онда жалпы құны 889 млрд теңге болатын 39 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар аясында 6 955 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Одан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған төлемдер есебінен 2026 жылы 13 млрд теңге түсіру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 8,6 млрд теңгесі бюджетке түсті. Сонымен қатар, лицензиялары тоқтатылған және игерілмеген жер қойнауын пайдалану учаскелеріне түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 6 мекемеге тиесілі жалпы көлемі 504 750 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды», – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Жалпы, келтірілген мәліметтер облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Өнеркәсіп өндірісін ұлғайту, индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін кеңейту және арнайы экономикалық аймақта жаңа кәсіпорындар ашу өңір экономикасының дамуына ықпал ететін негізгі тетіктердің бірі саналады. Әсіресе, жобалардың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып қана қоймай, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және жергілікті еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Алдағы жылдарға жоспарланған инвестициялық бастамалардың жүзеге асуы Түркістан облысының өндірістік әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған. Бұл ретте инвестиция тарту, жобалардың орындалуын қамтамасыз ету және бос жатқан өндірістік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жұмыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.













Comments