Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында көрнекті тарихшы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Манаш Қозыбаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Академик Манаш Қозыбаев: Тарих зердесі» тақырыбында мазмұнды дөңгелек үстел өтті. Ауқымды салтанатты іс-шара ұлттық тарих пен ғылымды дәріптеуге, отандық тарихи сананы жаңғыртуға және көрнекті ғалымның мол мұрасын келешек ұрпаққа таныстыруға бағытталған.
Алқалы басқосудың ашылу салтанатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов арнайы құттықтау сөз сөйлеп, академик Манаш Қозыбаевтың отандық ғылым мен ұлттық тарих саласдағы орнына кеңінен тоқталды. Спикерлер ғалымның тарихи шындықты қалпына келтірудегі, қазақ мемлекеттілігінің кезеңдерін зерделеудегі батыл қадамдары мен мұрасының бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның идеологиялық негізін қалыптастырудағы айрықша рөлін баса айтты.
Тағылымды дөңгелек үстелге өңірдің зиялы қауым өкілдері, тарихшы-профессорлар, ғылыми зерттеушілер, кітапханашылар мен музей саласының білікті мамандары қатысты. Басқосу барысында академик Манаш Қозыбаевтың бай ғылыми еңбектері жан-жақты талқыланып, оның қазақ тарихын зерттеуге қосқан сүбелі үлесі, тарихи танымды қалыптастырудағы жетекші рөлі мен жазып қалдырған мол мұрасының бүгінгі Тәуелсіздік кезеңіндегі маңызы жөнінде салмақты пікірлер айтылып, тәжірибе алмасу жүргізілді.
Манаш Қабашұлы Қозыбаев — қазақ тарихнамасының іргетасын қалаушылардың бірі. Ол өз ғұмырында 800-ден астам ғылыми еңбек, ондаған монографиялар мен оқулықтар жазып, ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін ашуға өлшеусіз үлес қосты. Атап айтқанда, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Алаш қозғалысының тарихы, 1930 жылдардағы саяси-қуғын сүргін мен нәубет ашаршылық салдары сияқты жабық тақырыптарды ғылыми айналымға енгізіп, тарихи әділдікті қалпына келтіру жолында қажырлы еңбек етті.
Сондай-ақ, ғалым Қазақстан Ғылым Академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын ұзақ жылдар басқарып, отандық тарих ғылымының мектебін қалыптастырды. Оның жетекшілігімен дайындалған көптомдық «Қазақстан тарихы» іргелі зерттеулері бүгінгі күнге дейін академиктер мен білім алушы жастардың негізгі құралы болып табылады.
Дөңгелек үстелге қатысқан ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Академик Манаш Қозыбаевтың тұлғалық қасиеттеріне, оның ұлтжандылығы мен ғылымдағы адалдығына да тоқталды. Өз баяндамаларында зерттеушілер академиктің идеялары мен ғылыми тұжырымдары уақыт өткен сайын өз өзектілігін жоғалтпай, жаңа заманауи зерттеулерге жол ашып отырғанын атап өтті.
Түркістан қаласында өткен бұл шара тек тарихи тұлғаны еске алумен шектелмей, жастардың бойында отаншылдық рухты тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және мемлекеттілігіміздің тарихи тамырын терең түсінуге бағытталған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мерейтойы аясында өткен бұндай рухани-ағартушылық бастамалар өңірдегі мәдени-ғылыми ортаның жандануына және рухани сабақтастықтың сақталуына елеулі үлес қосады. Мұндай тағылымды кездесулер мен ғылыми-просветительдік жиындар келешекте де өз жалғасын табатын болады.













Comments