Түркістан қаласында өңірдің туристік әлеуетін арттыру, халықаралық және ішкі туризмді өркендету, сондай-ақ саяхатшыларға қолайлы әрі заманауи жағдай жасау бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан — ғасырлар бойы тоғысқан тарихы бар, рухани және мәдени орталық. Соңғы жылдары өңірде жүзеге асырылған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде киелі шаһар жаңа қырынан танылып, туристер көптеп келетін заманауи орталыққа айналды.
Түркістан қалалық Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің ресми мәліметінше, жыл басынан бері қалаға 630 320 турист келген. Бұл көрсеткіш өңірдегі туристік инфрақұрылымның қарқынды дамып келе жатқанын және тарихи-мәдени нысандарға деген отандық әрі шетелдік меймандардың қызығушылығының жыл санап артып отырғанын айқын көрсетеді.
Саяхатшылардың қалада еркін қозғалуы мен қажетті ақпаратты жедел алуын қамтамасыз ету мақсатында Түркістанда цифрлық және навигациялық инфрақұрылым толықтай жаңартылды. Қалаға келген әрбір қонақ өзіне қажетті тарихи орныды, қонақүйді немесе демалыс аймағын оңай тауып алатындай қолайлы орта қалыптасқан.
Бүгінгі таңда қаланың негізгі көшелері мен туристік аймақтарында саяхатшыларға бағыт-бағдар беретін 85 арнайы навигациялық тақтайша орнатылған. Бұдан бөлек, қала бойынша тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін 4 заманауи ақпараттық смарт-киоск іске қосылған. Бұл интерактивті киоскілер арқылы туристер қаланың картасымен танысып, тарихи-мәдени орындар, көлік бағдарлары, қонақүйлер мен мәдени шаралар туралы толық мәлімет ала алады.
Туризм саласындағы басты көрсеткіштердің бірі — көрсетілетін қызметтің жоғары сапасы мен меймандостық сервисі. Түркістанда келетін меймандарға сапалы қызмет көрсету мақсатында қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласы да халықаралық стандарттарға сәйкестендірілуде.
Осы бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қаладағы қоғамдық тамақтану орындарының 80 пайызында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі үш тілді ас мәзірлері енгізілді. Мұндай бастама шетелдік саяхатшылар үшін тілдік кедергілерді жойып, көрсетілетін қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ туристік нысандар мен қызмет көрсету орындарының қызметкерлеріне арналған арнайы оқыту курстары да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Түркістан қаласының туристік секторын дамытуда инфрақұрылымдық жобалардың орны ерекше. 2024–2027 жылдарға арналған туризмді дамытудың кешенді жоспары шеңберінде Түркістан қаласында жалпы құны 16,6 млрд теңгені құрайтын 11 ірі туристік жобаны жүзеге асыру көзделген.
Ресми деректерге сәйкес, бүгінгі таңда осы жобалардың 9-ы толықтай аяқталып, пайдалануға берілген. Іске қосылған нысандар қатардағы қонақүйлер, этно-ауылдар, демалыс орындары мен сауықтыру кешендерін қамтиды. Ал жоспарланған қалған туристік жобаларды жыл соңына дейін толық пайдалануға беру көзделіп отыр. Жаңа нысандардың ашылуы қалаға келушілер ағынын арттырып қана қоймай, туристердің қалада болу мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Туризм саласының өркендеуі Түркістан қаласы мен тұтас Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей оң әсерін тигізеді. Инвестициялар тартып, жаңа туристік нысандар салу арқылы өңірде жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл жергілікті тұрғындардың, соның ішінде жастардың еңбекпен қамтылуына және шағын әрі орта кәсіпкерліктің өркендеуіне зор серпін беріп отыр.
Туристерге арналған қолайлы жағдайлар, сапалы сервис, дамыған инфрақұрылым мен бай тарихи-мәдени мұра Түркістанды тек Қазақстандағы емес, бүкіл Орталық Азиядағы жетекші туристік орталықтардың біріне айналдыруға толық негіз қалайды. Бұл бағыттағы инфрақұрылымдық және инвестициялық жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.













Comments