«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қаратау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлерімен мазмұнды кездесу өтті. Шараның басты мақсаты – еңбек ұжымындағы қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнамалық жаңалықтарды түсіндіру және еңбек адамдарының мүддесін қорғау тетіктерін нығайту болып табылады.
Кездесуде «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов сөз алып, Еңбек кодексіне енгізілген соңғы түзетулерге кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде: «2026 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне бірнеше заңмен елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Еңбек қатынастарына тікелей қатысты негізгі түзетулер 2026 жылғы 7 сәуірдегі №277-VIII және 3 маусымдағы №295-VIII заңдарда қамтылған. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет, цифрландыру және киберқауіпсіздік салалары бойынша да Еңбек кодексінің жекелеген нормалары заман талабына сай өзгертілді», – деп хабарлады.
Жиын барысында басқарма қызметкерлері тарапынан еңбек жағдайлары, әлеуметтік кепілдіктер мен құқықтық қорғау мәселелері бойынша қойылған көкейкесті сұрақтарға жан-жақты жауаптар беріліп, нақты түсініктемелер ұсынылды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру, патерналистік көңіл-күйді төмендетіп, әрбір қызметкердің өз құқығы мен міндетіне деген жауапкершілігін арттыру – осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің негізгі нәтижесі болып табылады.
Шара соңында Қаратау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Айбосын Жарылқасынұлы Зеев еңбек ұжымына қолдау білдіріп, құқықтық түсіндірме жұмыстарын сапалы жүргізгені үшін «Қызмет» салалық кәсіподағының өкілдеріне шынайы алғысын білдірді.
Еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру, әлеуметтік әріптестікті нығайту және қарапайым мамандардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған бұл бастамалар өңірде тұрақты түрде өз жалғасын таба береді. Мұндай ағартушылық кездесулер еңбек қатынастарының өркениетті негізде өрбуіне тікелей ықпал етеді.












Comments