Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні әрі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Шымкент қаласында елеулі әрі тағылымды іс-шара өтті. Аталған мерекелік сәтте ел экономикасының дамуына, бюджет түсімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік кірістер саласының сапалы жұмысына айтарлықтай үлес қосып жүрген білікті де адал мамандардың еңбегі кеңінен еленді.
Салтанатты жиын барысында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қаратау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлерін Ұлттық валюта күні және кәсіби мерекесімен құттықтады. Сала ардагерлері мен қатардағы қызметкерлерді мерейлі мезетпен шын жүректен құттықтаған филиал төрағасы еңбек адамдарының қоғамдағы жоғары мәртебесін, олардың күнделікті тынымсыз қызметінің маңыздылығын баса айтты.
Іс-шараның негізгі бөлігінде Серік Әуесханов өз ісінің нағыз шеберлері мен еңбек озаттарына, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысын дамытуға белсене атсалысып жүрген кәсіподақ белсенділеріне «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төс белгілерін, «Құрмет грамоталарын» және «Алғыс хаттарын» салтанатты түрде табыстады.
Қоғамда патерналистік көңіл-күйді төмендетіп, адал еңбек пен кәсіби біліктілікті басты құндылыққа айналдыру – бүгінгі күннің негізгі талабы. Қаратау аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының үздік қызметкерлерін мұндай жоғары дәрежеде марапаттау қарапайым мамандардың еңбекке деген ынтасын арттырып қана қоймай, жас мамандарды еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке және отансүйгіштікке баулудың жарқын үлгісі болып табылады.
Мемлекеттік кірістер саласының өкілдері әрдайым заңдылық пен тәртіптің сақталуын, ел қазынасының бүтіндігін қамтамасыз етуде алдыңғы шепте тұр. Кәсіподақ ұйымы тарапынан көрсетілген мұндай қолдау мен еңбекті жоғары бағалау әлеуметтік әріптестікті нығайтып, еңбек ұжымындағы өзара түсіністік пен құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге серпін береді. Еңбек адамының мәртебесін асқақтатуға бағытталған мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.












Comments