Жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІН КӘСІБИ МЕДИАТОРЛЫҚҚА ДАЯРЛАУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

Қазіргі қоғамда түрлі дау-дамайлар мен келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастырудың маңызы өте зор. Әсіресе өндіріс орындары мен еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтап, еңбек адамының заңды мүдделерін қорғау және тараптарды ортақ мәмілеге келтіру жолында кәсіби медиаторлардың рөлі айрықша. Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығында осы бағытта жүйелі жұмыс атқарып келе жатқан «Маида» медиация және психологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігінің кезекті «Жалпы медиация курсы» атты кәсіби медиаторларды даярлау оқулары ресми түрде басталды.

Кәсіподақ мүшелері арасында білікті мамандар шоғырын қалыптастыруға бағытталған бұл тағылымды дәрістерді «Маида» медиация және психологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, тәжірибелі маман Салтанат Егізбекқызы Абдукаримова жүргізуде. Ауқымды оқу бағдарламасы аясында тыңдаушылар медиация институтының заңнамалық негіздерін, келіссөздер жүргізу өнерін, еңбек және өндірістік даулы жағдайларды реттеудің тиімді әдістері мен психологиялық тәсілдерін жан-жақты меңгеріп жатыр.

Салтанат Егізбекқызының айтуынша, кәсіби медиатор тек заң нормаларын жетік біліп қана қоймай, тараптардың жан дүниесін түсіне алатын, бейтараптық пен әділдік қағидаттарын берік ұстанатын білікті тұлға болуы тиіс. Сондықтан курс барысында теориялық біліммен қатар, нақты өмірлік жағдайларға негізделген тәжірибелік сабақтар мен іскерлік ойындарға айрықша басымдық беріліп отыр. Еңбек ұжымдарындағы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, патерналистік көңіл-күйді төмендету – оқу процесінің басты мақсаттарының бірі.

Бұл бастама өңірдегі дауларды баламалы жолмен реттеу саласын одан әрі дамытып, қоғамдағы өзара түсіністік пен тұрақтылықты нығайтуға сүбелі үлес қоспақ. Әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған оқу курсын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға кәсіби медиатор мәртебесін растайтын арнайы сертификаттар табысталып, олардың қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғау жолында ел игілігіне аянбай қызмет етуіне кеңінен жол ашылатын болады.

Осылайша, Шымкентте басталған жаңа оқу бағдарламасы кәсіподақ жүйесіндегі әлеуметтік-құқықтық қорғау тетіктерін сапалы жаңа деңгейге көтеріп, еңбек қатынастарының өркениетті негізде өрбуіне, сондай-ақ қарапайым жұмысшылардың қоғамдағы мәртебесін асыруға өз септігін тигізеді.

ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН КӘСІБИ МЕДИАТОРЛАРДЫ ДАЯРЛАУ КУРСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *