Қазіргі қоғамда түрлі дау-дамайлар мен келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастырудың маңызы өте зор. Әсіресе өндіріс орындары мен еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтап, еңбек адамының заңды мүдделерін қорғау және тараптарды ортақ мәмілеге келтіру жолында кәсіби медиаторлардың рөлі айрықша. Осы бағытта Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығында «Маида» медиация және психологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігі кәсіподақ мүшелеріне арналған кезекті кәсіби медиаторларды даярлау оқуларын табысты аяқтады.
Білікті мамандар шоғырын қалыптастыруға бағытталған бұл тағылымды дәрістерді «Маида» медиация және психологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, белгілі әрі тәжірибелі маман Салтанат Егізбекқызы Абдукаримова жүргізді. Қарқынды оқу бағдарламасы терең теориялық білім мен шыңдалған тәжірибе ұштасқан нағыз кәсіби шеберлік алаңына айналды.
Оқу курсының басты ерекшелігі – оның әмбебаптығында. Бағдарлама аясында тыңдаушылар тек өндірістік және еңбек дауларын ғана емес, сонымен бірге қоғамда жиі кездесетін тұрмыстық, отбасылық, азаматтық-құқықтық және әлеуметтік кикілжіңдерді реттеудің заманауи әдіс-тәсілдерін де жан-жақты меңгеріп шықты. Дәрістерде қолданыстағы заңнамалық база терең түсіндіріліп қана қоймай, келіссөздер жүргізу психологиясы мен эмоционалды интеллектті басқару машықтарына баса назар аударылды.
Тәжірибелік сабақтар барысында кәсіподақ белсенділері нақты өмірлік кейстерді талдап, медиативтік келісімдерді заң талаптарына сай сауатты рәсімдеуді үйренді. Сонымен қатар, шиеленісті жағдайларда бейтараптықты сақтай отырып, екі тарапты да қанағаттандыратын ортақ шешімге келу жолдарын іс жүзінде пысықтады. Патерналистік көңіл-күйді төмендетіп, еңбек ұжымдарындағы өзара сыйластық пен адал еңбекті ту еткен бұл бастама әлеуметтік әріптестікті су жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Оқу курсының қорытындысында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев пен «Маида» орталығының басшылығы тыңдаушылардың белсенділігін жоғары бағалады. Іс-шара соңында курсты сәтті тәмамдаған қатысушыларға кәсіби медиатор мәртебесін растайтын арнайы сертификаттар мен куәліктер салтанатты түрде табысталды. Бұл бастама қаладағы еңбек ұжымдарында құқықтық мәдениетті арттырып, қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеруге тың серпін береді.












Comments