«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев «Хабар» агенттігінің Шымкент қаласындағы меншікті тілшілеріне арнайы сұхбат берді. Кездесу аясында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшысы өңірдегі қарапайым еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, қоғамдағы саяси белсенділікті арттыру, сондай-ақ Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Әңгіме барысында орталық төрағасы қоғам өміріндегі өкілді органдардың рөлі мен алдағы саяси науқанның басты ерекшеліктеріне де кеңінен тоқталды.
Бауыржан Ілімшаұлы өз сөзінде мәслихаттардың жергілікті басқару жүйесіндегі айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мәслихат депутаттары – бұл халық пен билік арасындағы сенімді алтын көпір. Өкілді орган өкілдері ел ішіндегі тұрғындардың, соның ішінде өндіріс орнында, құрылыс пен коммуналдық салада, білім мен медицина мекемелерінде күнделікті адал маңдай терімен еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың өзекті мәселелерін көтеріп, олардың оң шешімін табуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан алдағы саяси науқанға деген кәсіподақ мүшелері мен қала тұрғындарының қызығушылығы мен жауапкершілігі өте жоғары деңгейде.
Сұхбат барысында төраға сайлауға түсуге ниет білдірген үміткерлердің сапалық құрамына да ерекше назар аударды. Соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында заңнамада бекітілген нормаларға сәйкес, өкілді органдарда жастар, әйелдер және өндірістік еңбек ұжымдары өкілдерінің үлесін арттыруға басымдық беріліп отыр. Бұл өз кезегінде қоғамның барлық әлеуметтік топтарының, әсіресе еңбек адамдарының мүддесін теңдей қорғауға және шешім қабылдау процестеріне жаңа серпін беруге зор мүмкіндік беретіні атап өтілді. Патерналистік көңіл-күйді төмендетіп, еңбексүйгіштік қасиеттерді басты құндылыққа айналдыру – қазіргі қоғамның басты талабы.
Сонымен қатар, Бауыржан Алтеев сайлау науқанынан күтілетін негізгі нәтижелер туралы да салмақты ой бөлісті. Оның пікірінше, ашық әрі бәсекелестік жағдайында өтетін сайлау нәтижесінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде қарапайым жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға нақты үлес қосатын білікті, елжанды азаматтар іріктеледі. Кәсіподақ ұйымдары әрдайым еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған бұл бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетеді.











Comments