21–25 қазан аралығында Алматы қаласында жасөспірімдер мен жастар арасында унифайттан (әмбебап жекпе-жек) өткен Қазақстан чемпионатында Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері жоғары нәтиже көрсетіп, бес жүлделі орынға ие болды.
Қазақстан Республикасы Егемендігінің 35 жылдығына және Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының құрметіне арналған республикалық дода Алматыдағы АОСК спорт клубының базасында ұйымдастырылды.
Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 10–17 жас аралығындағы спортшылар қатысып, 10–11, 12–13, 14–15 және 16–17 жас санаттары бойынша өзара мықтыны анықтады.
Ауқымды спорттық додаға Шымкент қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептің оқушылары – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6698 әскери бөлімі қамқорлығындағы «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері де қатысты.
Жарыс барысында жас ұландар жоғары спорттық дайындықтарын, табандылықтары мен жеңіске деген жігерлерін көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті.
Чемпионат қорытындысы бойынша Абдурахман Шакиров барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Ал Умар Мухсинбаев пен Жасурбек Шерметов күміс жүлдеге қол жеткізсе, Абай Алдияр мен Жасурбек Нарметов қола медаль иеленді.
Жас спортшылардың бұл жетістігі – олардың табанды еңбегі мен жүйелі дайындығының, сондай-ақ Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмысының нәтижесі.
Чемпионатты Қазақстандық ұлттық унифайт (әмбебап жекпе-жек) спорт федерацияларының қауымдастығы мен «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығы ұйымдастырды.
Жарыстың негізгі мақсаты – елімізде унифайт спортын дамыту және кеңінен насихаттау, жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, үздіктерді анықтау. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлының ерлігі мен тарихи мұрасын дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, батылдық пен қайсарлыққа тәрбиелеу көзделді.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы жастардың бойында елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға, олардың дене дайындығын жетілдіруге және әскери қызметке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Республикалық чемпионатта қол жеткізген бұл жетістік жас ұландардың спорттық әлеуетін ғана емес, Ұлттық ұланның өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы жұмысының нәтижелілігін де көрсетті.












Comments