Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Республика күніне орай салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиында өңірлік қолбасшылық қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбеков жеке құрамды ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи маңызына тоқталды. Ол ел тәуелсіздігін нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекет тұрақтылығын сақтау жолындағы әскери қызметшілердің жауапты міндетін атап өтті.
– Республика күні – еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашқан тарихи мереке. Тәуелсіздігімізді нығайту, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әрбір әскери қызметшінің қасиетті борышы. Біз осы жауапты міндетті абыроймен атқаруға әрқашан дайынбыз, – деді генерал-майор Сакентай Шекарбеков.
Салтанатты шара барысында қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және өңірлік қолбасшылық қолбасшысының бұйрықтарына сәйкес марапатталды.
Мерекелік бағдарлама аясында Республика күніне арналған деректі фильм көрсетілді. Онда еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдері, мемлекеттік рәміздердің қабылдануы және Қазақстан әскерінің даму тарихы баяндалды. Тарихи мазмұндағы туынды әскери қызметшілердің ел тарихына деген құрметі мен отансүйгіштік сезімін арттыра түсті.
Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.












Comments