Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, үлкенге құрмет көрсету, қариялардың ақ батасын алып, өнегелі өмір жолын ұлықтау – ата-бабамыздан келе жатқан асыл қасиет. Сонымен бірге, егде жастағы азаматтарға күнделікті мейірім төгіп, әлеуметтік қызмет көрсететін қарапайым еңбек адамдарының беделін арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты.
Қазан айының басынан бері Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№3 стационарлық жағдайдағы орталығы» КММ-де Халықаралық Қарттар күніне арналған дәстүрлі «10 күндік іс-шара» жоғары деңгейде өтіп, өзінің салтанатты мәресіне жетті.
Он күн бойы орталықта мерекелік көңіл-күй салтанат құрды. Қариялардың жүзіне қуаныш ұялатқан бұл күндер жылы кездесулерге, рухани кештерге және ерекше қамқорлық шараларына толы болды. Жылдар бойы адал еңбек етіп, бүгінде мекеменің жылы ұясын паналап отырған аға буын өкілдері өздеріне көрсетілген зор ілтипат пен сый-құрметке дән ризашылықтарын білдірді.
Мерекелік іс-шараның ең салтанатты тұсы – орталықта аянбай еңбек етіп жүрген жүрегі жомарт қызметкерлерді ұлықтау сәті еді.
«Әлеуметтік қызметкер – бұл жай ғана мамандық емес, ол үлкен мейірім мен ерекше сабырлықты талап ететін ізгі миссия. Қоғамда масылдық көңіл-күйге жол бермей, мұқтаж жандарға шынайы жанашырлықпен адал еңбек етіп жүрген мамандарды дәріптеу – басты міндетіміз. Кәсіподақ әрдайым мұндай еңбек адамдарының құқығы мен әлеуметтік жағдайын қорғауға дайын.»
Салалық «Қызмет» кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы әлеуметтік саланың ауыртпалығын арқалап, әрбір қарттың жүрегіне жол таба білген үздік мамандар мен кәсіподақ белсенділерін арнайы марапаттады. Тынымсыз еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін үздік қызметкерлер «Еңбек озаты» төсбелгісімен, «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Игі шара соңында қариялар мен ұжым мүшелері ұйымдастырушыларға өздерінің ыстық лебіздерін білдірді. Орталық басшылығы мен кәсіподақ ұйымының өкілдері марапат иелерін құттықтай отырып, олардың әрбір күнді шуақты ету жолындағы сауапты еңбектеріне жоғары баға берді. Мерекелік жиын қарттардың жүрекжарды ақ батасымен аяқталды. Жүректеріне мейірім шуағын ұялатқан бұл 10 күндік іс-шара №3 орталықтың үлкен әрі ынтымақты отбасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.












Comments