«Ұстаздық еткен зерделі, зеделі істен ерінбес» демекші, адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп, өскелең ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беруге өмірін арнаған азаматтар қай кезеңде де қоғамның нағыз тірегі саналады. Қоғамда еңбек культін қалыптастыру, өз ісінің кәсіби шеберлерін ұлықтау және жастарға өнеге ету – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Сондай еңбек адамдарының бірі – білім беру саласында ширек ғасырлық тәжірибесі бар білікті педагог, іскер басшы, Шымкент қаласындағы «Shymkent city school» мектебінің директоры Сейтжан Туленұлы Оспанов.
Сейтжан Туленұлының еңбек жолы мақсаттылық пен өз кәсібіне деген зор сүйіспеншіліктен бастау алды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Тарих және география» мамандығы бойынша аяқтаған ол, 2002 жылы Кентау қаласындағы лицей-интернатта педагог-психолог әрі тарих пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастаған еді.
Жиырма жылдан астам уақыт ішінде ол Кентау, Түркістан, Алматы, Семей, Атырау, Есік және Шымкент қалаларындағы мамандандырылған мектептерде мұғалім, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және мектеп директоры лауазымдарын абыроймен атқарды.
«Шынайы еңбек адамы – тек өз ісінің шебері ғана емес, ол айналасына оң өзгеріс әкелетін, жастарды адал маңдай терге баулитын тұлға. Масылдық көңіл-күйден арылып, сапалы білім мен еңбекке ұмтылу – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты кепілі.»
Педагогика және психология ғылымдарының магистрі ретінде ол теория мен практиканы ұштастыра біледі. Оның авторлық бағдарламалары мен ғылыми мақалалары басылымдарда тұрақты жарияланып, ортағасырлық Қазақстан қалаларын оқытудың заманауи әдістемесін енгізуде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Бұдан бөлек, Сейтжан Оспанов кәсіподақ саласында 20 жыл бойы үздіксіз қызмет етіп, ұжымдағы еңбек адамының құқығы мен әлеуметтік жағдайын қорғауда белсенділік танытты. Оның еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, ҚР Білім және ғылым министрінің, «Дарын» республикалық орталығының Алғыс хаттарымен, сондай-ақ «Өрлеу» институты мен Білім басқармасының Мадақтамаларымен марапатталды.
Бүгінгі таңда еңбек адамының шынайы мәртебесін өз ісіне деген адалдығымен дәлелдеп жүрген Сейтжан Туленұлы «Shymkent city school» ұжымын алға жетектеп, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру жолында аянбай тер төгіп келеді. Өз кәсібін жүрек қалауымен таңдаған мұндай азаматтардың еңбегі – жастарға қашан да үлгі-өнеге.











Comments