Адамның қадірі — маңдай термен өлшенетін адал еңбекте. Елдің дамуы мен өркендеуі биік мінберлерден емес, өндіріс пен зауыт қабырғасынан, темірді илеп, тасты түйіндеткен қарапайым еңбек адамдарының қажымас қайратынан басталады. Осындай асыл қасиетті ту еткен жандардың еңбегі ерен бағаланған сәттер ұлт рухын көтеріп, жас ұрпаққа үлгі болары анық.
Еңбек күніне орай елордамыз — Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында маңызы зор ауқымды шара — «Еңбек — ел мұраты» республикалық форумы өтті.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтің, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің, әлеуметтік әріптестер, мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер, қоғамдық ұйымдар және кәсіподақ өкілдері бас қосқан бұл алқалы жиында еңбек адамының мәртебесі биікке көтерілді.
Міне, осы республикалық деңгейдегі маңызды форумда көп жылғы адал еңбегі, темірдей төзімі мен кәсіби шеберлігі еленіп, өндіріс саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС темір бұйымдарын өндіруші зауыты «Токарь» бөлімінің тәжірибелі темір жонушысы Қиясов Баратбай Рысбекұлы мемлекеттік жоғары награда — «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл — тек бір адамның ғана емес, бүкіл маңдай тері төгілген адал өндірістің, еңбек әулеті мен барша жұмысшы қауымның мерейін өсірген зор қуаныш.
Баратбай Рысбекұлы 1962 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Өмір жолын таңдаған мамандығына адалдықпен бастаған ол — өмірінің 40 жылын өндіріске, нақты еңбекке арнаған жан. Білімді маман, өз ісінің шебері — білікті темір жонушы. Оның осы шаңырақ — «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС-дегі еңбегінің өзі 6 жылды құрайды.
Әрбір бөлшекті жүрекпен жонып, металға жан бітірген шебердің өмір жолы — нағыз еңбек пен төзімнің мектебі. Ол еңбек жолын 1986 — 2005 жылдары Ташкент қаласындағы іргелі Трактор зауытында темір жонушы болып бастап, кейін 2005 — 2016 жылдар аралығында Павлодар қаласындағы «Модульный завод» ЖШС-де кәсіби тәжірибесін шыңдады. Одан кейін 2016 — 2020 жылдары «ЭМИ» ЖШС зауытында абыройлы еңбек етіп, шеберлігін танытса, 2020 жылдан бүгінгі күнге дейін «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС темір бұйымдарын өндіруші зауытының «Токарь» бөлімінде табандылықпен еңбек етіп келеді.
Қиясов Баратбай Рысбекович — металл өңдеу мен механикалық өндірістің қыр — сырын жетік меңгерген, қолы алтын білікті маман. Кез келген өндірістік тапсырманы аса сапалы әрі уақытылы орындап, қауіпсіздік пен технологиялық талаптарды қатаң сақтайтын ардагер маман ұжым арасында үлкен сыйға бөленген. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тиянақты қызметкердің бұл жетістігі — жас буынға берілген нағыз өнегелі сабақ.
Еңбегі жанғанның елге еленітері хақ. Адалдығы мен табандылығы арқасында мемлекеттік марапатқа ие болған Баратбай Рысбекұлы секілді ағаларымыздың еңбегі әрдайым еленіп, абыройы асқақтай бергей!
«ЕҢБЕК – ЕЛ МҰРАТЫ»: Қарапайым еңбек пен қажырлы өмірдің жемісі












Comments