«Керуен сарай» туристік кешенінде халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі басталды. Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан Республикасының Мемлекетік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов, еліміздің танымал жұлдыздары, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты.
Халықаралық байқаудың бірінші күні Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Қырғызстан, Куба, Гвинея, Қарачай-Черкес Республикасы, Башқұртстан және Бразилия елдерінен келген қатысушылар елімізге танымал эстрада әншілерімен бірге қазақ әндерін шырқады. Олардың қатарында Нұржамал Үсенбаева, Дастан Оразбеков, Гүлнұр Оразымбетова, Құрмаш Махан, Қазыбек Құрайыш, Сырым Исабаев, Ғәділбек Жанай, Серік Ибрагимов, Алима Жүнісәлиева, Ардақ Балажанова және Әли Өтенов сынды өнер жұлдыздары бар.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальдің мақсаты – қазақ әнін әлемге таныту, оның терең мағынасы мен ұлттық болмысын дәріптеу. Ашық аспан астында өткен іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әлемнің әр қиырынан келген әншілер қазақтың халық әндерін, көрнекті композитор, қазақтың ән өнеріне қайталанбас қолтаңба қалдырған Шәмші Қалдаяқовтың әндерін тамылжыта шырқады.
Айта кетейік, 27 қыркүйек күні үміткерлер қазақ әндерін шырқап, бақтарын сынайды. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Ал 28 қыркүйек күні әлем елдерінің танымал өнерпаздарының қатысуымен «Zhibek zholy әуендері» ауқымды гала-концерті өтеді.









Comments