Еңбек — адамды ардақтайтын биік қасиет. Әр саланың өз майталманы, өз игілік жаршысы болады. Өз ісіне жан-тәнімен беріліп, жас буынның бойына салауатты өмір салтын сіңіріп жүрген жас маман, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жұматаев Бақберген Бауыржанұлы — бүгінгі күннің нағыз еңбек адамының жарқын үлгісі.
1999 жылы дүниеге келген Бақберген Бауыржанұлы өмір жолын білім мен спортқа арнады. Орталық Азия Инновациялық Университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша аяқтап, жоғары білім алған жас маман өз мамандығының қыр-сырын терең меңгеріп шықты.
Өз кәсібіне деген адалдық пен жауапкершілік оны еңбек жолының алғашқы қадамдарынан бастап-ақ көзге түсірді. Ол 2021 жылдан бері Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Шымкент қалалық ұйымының құрамындағы Максим Горький атындағы №12 жалпы орта білім беретін мектепте табандылықпен еңбек етіп келеді. Қазіргі уақытта туған мектебінде өз мамандығы бойынша жас жеткіншектерге тәлім беріп, оқушылардың спортқа деген қызығушылығын оятып, салауатты өмір салтын ұстануға баулуда. Спорт сабақтарында әр балаға жеке көзқарас тауып, олардың шынығуына, физикалық тұрғыдан шымыр болып өсуіне бар күш-жігерін жұмсап жүр.
Ұстаздың тынымсыз ізденісі мен адал еңбегі үнемі өз бағасын алып, түрлі марапаттармен аталып өтуде: ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің дипломы, Шымкент қаласы Білім Басқармасының әдістемелік орталығының, Шымкент қаласы Шахмат федерациясының мадақтамасы; Шымкент қаласы Еңбекші аудан әкімі аппаратының алғыс хаттары.
Бұл жетістіктер — жас маманның кәсіби біліктілігінің, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын белсенділігінің және ерен еңбегінің айқын дәлелі.
«Отан отбасынан басталады» демекші, Бақбергеннің өмірде де, қызметте де сенімді тірегі — өзінің отбасы. Ол — үлгілі отбасының отағасы, сүйікті жар және ұл тәрбиелеп отырған ардақты да бақытты әке. Отбасындағы береке мен жұмыстағы жетістік оның өмірлік ұстанымының дұрыстығын көрсетеді.
Өз ісін сүйетін, шәкірттеріне спорттың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, оларды адамгершілікке, төзімділікке тәрбиелеп жүрген Бақберген Бауыржанұлы сынды жастар — еңбек болашағы және берік тірегі.
Еңбек жолында әлі талай биіктерді бағындырар ұлағатты ұстазға шығармашылық табыс, отбасына амандық тілейміз!
ЕҢБЕК АДАМЫ «ШЫМЫР ЖАСТАРДЫҢ ҰСТАЗЫ: ЕҢБЕГІ ЕРЕН, ЖҮРЕГІ КЕНЕН БАҚБЕРГЕН»












Comments