Шымкентте еңбек ардагерлері студенттермен кездесіп, отбасы, жауапкершілік, салт-дәстүр және нағыз қазақстандық патриот қандай болуы керектігі жөнінде пікір алмасты.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күні қарсаңында еңбек ардагерлері мен жастардың кездесуі өтті.
Жиынға қаладан 40-қа жуық еңбек ардагері, бесінші курс студенттері, оқытушылар мен университет басшылығы қатысты. Кездесудің алғашқы сәтінен-ақ оның қалыпты ресми шарадан өзгеше өтетіні байқалды. Ардагерлер ұлттық киім киіп келіп, жарқын әрі жарасымды киімдерімен залға ерекше көңіл күй сыйлады. Бұл өз кезегінде ұлттық салт-дәстүрді, үлкенге деген құрметті және ұрпақтар сабақтастығын айшықтай түсті.
Кездесуге модераторлық еткен Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жастарға әр адамды ересек өмірге қадам басқанда толғандыратын маңызды мәселелер төңірегінде ашық әңгіме өрбітуді ұсынды. Солардың бірі – «Сен отбасы құруға дайынсың ба?» деген сауал болды.
Өйткені отбасы құру – үлкен жауапкершілікті, өмірлік кемелдікті, сабыр мен өзің үшін ғана емес, жаныңдағы адам үшін де жауап бере білуді талап етеді. Ардагерлер студенттермен әңгіме барысында берік отбасы тек сезімге ғана құрылмайтынын атап өтті. Әрине, махаббаттың орны бөлек. Алайда отбасылық өмірде бір-бірін құрметтеу, тыңдай білу, қиын сәтте қолдау көрсету және туындаған мәселелерді бірге шешу де аса маңызды.
Кездесуге Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университеттің ректоры, профессор Қайрат Балабиев, аға оқытушы, филология ғылымдарының кандидаты Асылбек Ноғаев, оқытушы Қайрат Анарбаев және педагогикалық университеттің психология бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Айтжанова қатысты.
Мамандар азаматтық жауапкершілік, жастардың елге деген көзқарасы, отбасылық өмірдің психологиялық қырлары туралы ой қозғады. Сонымен қатар өзіңді және өзге адамды түсіне білу, бір-бірімен ашық сөйлесу, туындаған келіспеушіліктерді сабырмен шешу де отбасылық өмірге дайындықтың маңызды бөлігі екеніне назар аударылды.
Кездесу барысында үлкенді құрметтеу, ата-анаға қамқорлық жасау, бала тәрбиесі, туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық мәдениетті сақтау ең алдымен отбасынан басталатыны атап өтілді.
Осыған байланысты отбасылық құндылықтар туралы әңгіме патриотизм тақырыбымен де сабақтасты. Ардагерлер студенттерді Қазақстанның нағыз патриоты болуға шақырып, Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен күнделікті іс-әрекеттен көрінетінін айтты.
Нағыз патриотизм – сапалы білім алудан, адал еңбек етуден, заң мен айналадағы адамдарды құрметтеуден, ата-анаға қамқор болудан, ана тіліне, мәдениет пен салт-дәстүрге құрметпен қараудан және туған қаласы мен еліне пайда келтіруге ұмтылудан көрінеді.
Университет үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі бұл – ұрпақтар арасында шынайы диалог орнатуға мүмкіндік беретін алаң. Мұнда жастар аға буынның ақыл-кеңесін тыңдап қана қоймай, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікірлерін ашық білдіре алады.
Отбасы – тәрбиенің бастауы, ұлттық құндылықтардың алтын бесігі және қоғамның берік негізі. Ал отбасында қалыптасқан сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімі Отанға деген құрмет пен патриоттық ұстанымның қалыптасуына жол ашады.












Comments