23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуды жоспарлап отырсыз ба? Егер сайлау күні тұрақты тіркелген мекенжайыңызда болмай, басқа қалада, облыста немесе елде жүретін болсаңыз, дауыс беру мүмкіндігі бар.
Мұндай жағдайда сайлаушы есептен шығару куәлігін алдын ала алуы қажет. Бұл құжат арқылы азамат 23 тамызда нақты болатын жеріндегі сайлау учаскесінде дауыс бере алады.
Есептен шығару куәлігін қалай алуға болады?
Ол үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беріп, жеке басыңызды куәландыратын құжатты ұсыну қажет.
Есептен шығару куәлігі 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін беріледі.
Құжатты:
сайлаушының өзі;
сенімхат бойынша оның өкілі ала алады.
Бұл ретте сенімхатты нотариус арқылы куәландыру талап етілмейді.
Дауыс беру кезінде не қажет?
Сайлау күні болатын жеріңіздегі сайлау учаскесіне барған кезде есептен шығару куәлігін және жеке басыңызды куәландыратын құжатты көрсетуіңіз керек.
Учаскелік сайлау комиссиясы сізді сол учаскедегі сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.
Маңызды: есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді. Сондықтан құжатты алғаннан кейін оны мұқият сақтаған жөн.
Ескеретін маңызды жайт
Егер сайлаушы бір елді мекеннің ішінде ғана басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келсе, оған есептен шығару куәлігі берілмейді.
Сондықтан сайлау күні тұрақты тіркелген жеріңізден тыс жерде болатын болсаңыз, есептен шығару куәлігін алуды алдын ала жоспарлаған дұрыс.
Қысқасы: 23 тамызда басқа елді мекенде болатын болсаңыз, 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін есептен шығару куәлігін алып, болатын жеріңіз бойынша дауыс бере аласыз.











Comments