Адам өмірінің мәні — атқарған ісінде, елге берген тәрбиесі мен маңдай терінде. Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директор орынбасары, кітапхана ісінің майталманы Алпысбаева Гүлмира Батырбайқызының өмір жолы мен еңбек кітабы — бүгінгі жас ұрпаққа үлгі боларлық нағыз еңбек адамының жарқын көрінісі.
Гүлмира Батырбайқызы 1966 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы, Шолаққорған селосында дүниеге келген. Балалық шағы мен мектеп жылдары Бөген ауданының С.М. Киров атындағы мектебінде өтіп, оны үздік тәмамдайды. Білім мен ғылымға деген құштарлық оны 1983 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогика-мәдениет институтының «Кітапхана тану және библиография» факультетіне жетелейді. 1987 жылы бұл оқу орнын «кітапханашы-библиограф» біліктілігі бойынша үздік дипломмен бітіріп, өз туған ауданына қайта оралады. Еңбек жолын Бөген аудандық білім беру бөлімінде кітапханашы және пионерлер мен мектеп оқушылары үйінде әдіскер болып бастайды.
1988 жылдың қыркүйек айынан бастап оның өмірі Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасымен тығыз байланысты болды. Мұнда ол 1988 — 2012 жылдары кітапханашы, аға кітапханашы, жетекші библиограф және бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Кейіннен білікті маман ретінде басшылық қызметтерге көтеріліп, 2012 — 2014 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Облыстық балалар кітапханасының директор орынбасары болды. Ал 2014 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми — әмбебап кітапханасының директор орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
Гүлмира Батырбайқызы тек дәстүрлі кітапхана ісімен шектеліп қалмай, заман талабына сай жаңашыл жобалардың ұйтқысы бола білді. Кітапханада цифрландыру жұмыстарына тікелей басшылық жасап, мобильді смарт QR-кітапхана жобасын жүзеге асырды. Виртуалды анықтама функциясын енгізіп, «Кітап.kz» және Қазақ Ұлттық Электронды кітапханасы жүйелерімен тиімді жұмыс жүргізіп келеді. Халықаралық деңгейдегі IATP бағдарламасында волонтер ретінде қатысып, аудан және ауыл кітапханашыларына, әлеуметтік топтарға ақпараттық теңсіздікті жою мақсатында тегін тренингтер өткізді. Республикалық «Мектептегі кітапхана» журналы алқасының мүшесі әрі «Ең үздік автор» номинациясының иегері.
Жас буынды тәрбиелеуге айрықша мән беретін кейіпкеріміз кітапханада «Рухани уыз» және «Жас өркен» шығармашыл жастар клубын ашып, сәтті басқарып келеді. Сонымен қатар, ерекше және жетім балаларға арналған игі істерімен көпшіліктің алғысына бөленді.
Ерен еңбегі мен кәсіби біліктілігі жылдар бойы жоғары бағаланып, ОҚО «Ең үздік мәдениет қызметкері» атағын, ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісін, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен әскери бөлімдер, ардагерлер кеңесі және түрлі басқармалардың Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын иеленді.
Өмір жолында кәсіби биіктерді бағындырған Гүлмира Батырбайқызы — өнегелі ана, аяулы жар. 1990 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде ардақты отбасынан екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ана.
Алпысбаева Гүлмира Батырбайқызының өмір жолы — ізденіске толы адал еңбектің, туған халқына деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі. Руханият саласына сүбелі үлес қосып жүрген парасатты маманның есімі әрқашан құрметке лайық.
ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА: «ӨНЕГЕЛІ ӨМІР: КІТАП ӘЛЕМІНІҢ ШЕБЕРІ, ЕҢБЕК ПЕН ПАРАСАТ ИЕСІ»













Comments