Адам өмірі — мағыналы істер мен адал еңбектің өрнегі. Өз ісіне беріліп, таңдаған мамандығын өмірлік серік ете білу — үлкен бақыт. Шымкент қаласының мәдениет саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан, қаржы саласының білікті маманы Сланова Ғалия Абдыханқызының өмір жолы осындай өнегелі істер мен табандылықтың айқын көрінісі.
1975 жылы 8 шілдеде Шымкент қаласында дүниеге келген Ғалия Абдыханқызы балалық шағынан еңбекқорлығымен ерекшеленді. 1992 жылы туған қаласындағы Г.С.Титов атындағы №20 орта мектебін тәмамдап, үлкен өмірге қадам басты. Алғашқы еңбек жолын мектеп табалдырығын аттай сала бастаған ол 1992 — 1994 жылдары Облыстық ұлттық және шығыс медицина орталығында кассир қызметін атқарып, қаржы саласындағы алғашқы тәжірибесін жинақтады. Білімін шыңдауды мақсат еткен ол 1996 жылы Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша сәтті бітіріп шықты.
Кәсіби қалыптасу жолында әр жылдары «Жібек жолы» ЖШС-де бас бухгалтер, «Компания Трейд Мастер» және «Карму» ЖШС-де бухгалтер ретінде жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Ал 2009 — 2021 жылдар аралығында А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми — әмбебап кітапханасында экономист және бас бухгалтер болып қызмет етіп, мәдениет ошағының қаржылық тұрақтылығы мен дамуына өз үлесін қосты. 2021 жылдың 9 қарашасынан бастап «Әл — Фараби атындағы қалалық ғылыми — әмбебап кітапханасы» КММ экономист қызметіне ауысып, бүгінгі күнге дейін өз міндетін жоғары кәсібилікпен атқарып келеді.
Қаржы саласының қыр — сырын жетік меңгерген тәжірибелі маманның еңбегі әрдайым лайықты бағаланып келеді. Ол 2023 жылы Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Алғыс хатпен марапатталса, 2024 жылы Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Алғыс хатына ие болды. Ал 2025 жылы Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталса, 2026 жылы Кітапханашылар күніне орай қалалық басқарманың тағы да Алғыс хатын еншіледі. Бұл марапаттар — қажырлы еңбек пен адалдықтың жемісі.
Дегенмен, Ғалия Абдыханқызының басты жетістігі — тек кәсіби биіктер ғана емес, сонымен қатар жарқын отбасы. Ол — ардақты жар, аяулы ана. Қос ұл мен үш қызды тәрбиелеп өсіріп отырған аяулы ананың шаңырағы — мейірім мен берекенің мекені.
Жұмыста да, отбасында да үлгі бола білген еңбек адамының өмір жолы жас ұрпаққа үлкен өнеге. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғамның рухани дамуына үлес қосып жүрген Ғалия Абдыханқызының еңбегі әрқашан құрметке лайық.
ЕҢБЕК АДАМЫ: ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН ЕҢБЕККЕ АРНАҒАН ЖАН













Comments