Кез келген мемлекет өз даму жолында түрлі тарихи кезеңдерден өтеді. Қоғам өзгереді, заман талабына сай мемлекеттік басқару жүйесі жетілдіріледі, заңнамалар мен саяси институттарға жаңа талаптар қойылады. Мұндай өзгерістердің барлығы түптеп келгенде елдің болашағын айқындауға, мемлекеттің тұрақты дамуына және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс.
Бүгінде Қазақстан да саяси өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отыр. Конституцияға енгізілген өзгерістер, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған қадамдар, алдағы саяси науқандар — мұның барлығы қоғам үшін маңызды мәселелер. Сондықтан, мұндай процестерге азаматтардың бей-жай қарамауы аса қажет деп ойлаймын.
Себебі, мемлекет тек мемлекеттік органдар мен билік институттарынан ғана тұрмайды. Мемлекет — ең алдымен оның азаматтары. Елдің бүгінгі жағдайы мен ертеңгі бағыты әр адамның азаматтық ұстанымына, жауапкершілігіне және қоғамдық өмірге араласуына тікелей байланысты.
Демократиялық қоғамдағы ең маңызды азаматтық құралдардың бірі — сайлау. Сайлау арқылы халық өзінің саяси таңдауын білдіреді. Өзінің көзқарасын, ұстанымын, елдің даму бағытына деген пікірін дауыс беру арқылы жеткізеді.
Әр азаматтың қоғамға деген көзқарасы әртүрлі болуы заңды. Бір адам бір саяси бағытты қолдауы мүмкін, екінші азаматтың таңдауы мүлде басқа болуы ықтимал. Бұл — қалыпты жағдай. Ең маңыздысы, азаматтың өз таңдауын саналы түрде жасауы екенін айта кету керек
Сондықтан, алдағы Құрылтай сайлауына әрбір қазақстандықтың жауапкершілікпен қарағаны жөн деп санаймын. «Менің бір дауысымнан не өзгереді?» деген пікір кейде қоғамда кездеседі. Алайда, үлкен өзгерістер дәл осындай жеке таңдаулардың жиынтығынан қалыптасатынын ұмытпауымыз керек. Бір адамның дауысы жеке алғанда аз көрінуі мүмкін. Бірақ, мыңдаған азаматтың таңдауы қосылған кезде ол елдің саяси бағытына әсер ететін маңызды қоғамдық пікірге айналады.
Бүгінгі таңдауымыз — болашақ Қазақстанның қандай болатынына қосқан үлесіміз. Ел болашағына бей-жай қарамай, өз таңдауымызды жасайық.
Айпар АМАНГЕЛДИЕВА,
Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің директоры.
Ел болашағы әр азаматтың таңдауынан басталады













Comments