Жаңалықтар

ҒЫЛЫМИ ЗЕРТХАНАЛАРДАН АУЫЛДАҒЫ ЕГІСТІК АЛҚАПТАРЫНА ДЕЙІН: САЙЛАУАЛДЫ ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

40 мың шақырымнан астам жол, 16 өңір және жаңа саяси үндеулер – 15–16 тамыздағы сайлауалды науқан осындай ауқыммен ерекшеленді. Сайлауға бір апта қалғанда партиялар өңірлердегі кездесулерін күшейтіп, ғылым, экономика, ауыл шаруашылығы, экология, медицина және инфрақұрылым мәселелерін көтерді.
«Әділет» партиясы Алматыда ғалымдар, мәдениет қайраткерлері және IT саласының өкілдерімен кездесіп, ғылымды дамыту, мәдени құндылықтарды сақтау, жасанды интеллект, технологиялық экспорт және отандық әзірлеушілерді қолдау мәселелерін талқылады. Партияның мобильді керуені 23 күнде 16 өңірді аралап, 40 мың шақырымнан астам жол жүрді.
ЖСДП Астанада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған форум өткізіп, Ұлттық ТКШ палатасын құруды ұсынды. Партия экологиялық акция ұйымдастырып, су айдынының жағалауын тазартты. Сонымен қатар партия төрағасы Асхат Рахымжанов «Ауыл» партиясы төрағасы Қайрат Айтуғановқа тікелей дебат өткізуді ұсынды.
«Байтақ» партиясы «Шарын» ұлттық паркінде биоалуантүрлілікті сақтау, браконьерлікпен күрес және экотуризм мәселелерін талқылады. Сондай-ақ гидроэнергетика, су ресурстары, пластик қалдықтарын қайта өңдеу, медицина мен білім беру салалары бойынша кездесулер өткізді.
Қазақстан Халық партиясы ЖСДП-мен өткен дебатқа қатысты пікір білдіріп, екі партияның бағдарламаларындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарға тоқталды.
«Ауыл» партиясы Шымкентте кәсіпорын еңбек ұжымымен кездесіп, теміржол тасымалы мен инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін талқылады. Түркістан облысында партия өкілдері жергілікті шаруалармен кездесіп, аграрлық сектордың өзекті мәселелерін тыңдады.
«Ақ жол» партиясы өңірлердегі кездесулерін жалғастырып, жекеменшік клиникалардың басшылары мен дәрігерлерімен медицина саласындағы лицензиялау, қаржыландыру және инфрақұрылым мәселелерін талқылады.
«Respublica» партиясы Қостанай облысындағы ірі өндіріс орындары мен электр желілері компанияларының ұжымдарымен кездесіп, отандық өндіріс, білім беру және медицина мәселелерін көтерді. Сонымен қатар жастармен және әйелдер қауымдастығымен кездесулер өткізіп, туристік нысандарды қамтыған үгіт-насихат шараларын ұйымдастырды.
Сайлауға санаулы күндер қалғанда партиялар еңбек ұжымдарымен, бизнес және сарапшылар қауымдастығымен кездесулерін жалғастырып, қоғамдық пікірталастарға белсенді қатысуда. Сайлауалды науқанның соңғы аптасы саяси белсенділіктің одан әрі артуымен ерекшеленуі мүмкін.

Түркістан облысында полиция интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын күшейтті

Алдыңғы

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *