Қазіргі қоғамда қарапайым жұмысшылар мен өз кәсібінің шеберлерін ұлықтау, «Еңбек адамы» бейнесін қалыптастыру – ел дамуының басты кепілі. Әсіресе, денсаулығында шектеуі бар немесе арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалардың болашағы үшін тынымсыз тер төгіп жүрген мамандардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Мұндай адал да жауапты қызметтің жарқын үлгісін Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Балауса» №11 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан көруге болады.
Орталықта балалардың сөйлеу қабілетін дамытып, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу бағытында логопед маманының түзете-дамыту жұмыстары жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Бұл – жай ғана күнделікті міндет емес, әр баланың тағдырына жанашырлықпен қарауды талап ететін үлкен сабыр мен кәсіби шеберліктің жемісі.
Логопедтің сабақ беру процесі өте күрделі әрі көпжақты. Мұнда әр тәрбиеленушінің жеке сөйлеу ерекшелігі, психологиялық жай-күйі және даму қажеттілігі толық ескеріледі. Түзете-дамыту жұмыстары бірнеше маңызды кезеңдерді қамтиды:
- Дыбыстарды қалыптастыру және автоматтандыру: Баланың дыбыстарды дұрыс әрі анық айтуын жолға қою;
- Логопедтік массаж және арнайы жаттығулар: Бет пен ерін бұлшықеттерін белсендіріп, артикуляциялық моториканы дамыту;
- Нейрожаттығулар мен фонематикалық есту: Бас миының жұмысын ынталандыратын және дыбыстарды ажырату қабілетін арттыратын кешенді тәсілдер;
- Сөздік қорды байыту: Балалардың байланыстырып сөйлеуін, өз ойын жеткізуін және коммуникативтік қабілеттерін дамыту.
Орталық маманы сабақтың тиімділігін арттыру үшін заманауи көрнекі құралдарды, дидактикалық ойындар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді кеңінен пайдаланады. Сонымен бірге, әрбір баланың кішкентай болса да жетістігі тұрақты бақылауға алынып, даму динамикасы жүйелі түрде талданып отырады.
Жан-жақты, жүйелі жүргізілген осы аянбай жасалған еңбектің арқасында орталық тәрбиеленушілерінің арасында оң өзгерістер байқалуда. Адал еңбегімен балаларға үміт сыйлап, олардың қоғамға етене араласуына жол ашып жүрген мұндай мамандардың еңбегі – елдегі қарапайым еңбек адамдарына берілген шынайы баға. Мұндай жауапкершілікті мамандық иелерінің еңбегін насихаттау еңбексүйгіштікті арттырудың ең әсерлі үлгісі болып табылады.











Comments