Жаңалықтар

ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ: ШЫМКЕНТТЕ ЕРЕКШЕ АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ОҢАЛТУ ҚҰРАЛДАРЫ ШЫҒАРЫЛУДА

Елімізде мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және оларды сапалы техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бұл орайда импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өндірісті дамытудың маңызы зор. Жақында Шымкент қаласының Еламан шағынауданында отандық оңалту құрылғыларын жасаумен айналысатын жеке өндіріс орнына арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Сапар барысында осы салаға белсене араласып жүрген жергілікті кәсіпкер Нұрғали Полатбекұлы Нұрмановтың өндірістік базасы араланып, отандық өнімдердің сапасы мен әлеуеті таразыланды. Кәсіпкердің өз күшімен әзірлеп, елімізде өндіріп жатқан техникалық оңалту құралдарының заманауи үлгілері таныстырылды.

Нақтырақ айтқанда, өндіріс алаңында мүгедектігі бар тұлғаларға арналған әртүрлі үлгідегі вертикализаторлар, кресло-арбалар, арнайы отырғызу орындықтары, сондай-ақ емдік дене шынықтыру (ЕМШ/ЛФК) мамандарының күнделікті жұмысына қажетті арнайы оңалту жабдықтары назарға ұсынылды. Бұл құрылғылар ерекше қажеттілігі бар жандардың еркін қозғалуына, дене функцияларын қалпына келтіруге және әлеуметтік ортаға бейімделуіне тікелей ықпал етеді.

Отандық өндірістің дамуына сүбелі үлес қосып, әлеуметтік маңызы жоғары өнім шығаруға бағытталған мұндай бастамалар ерекше қолдауға лайық. Кездесу барысында ұсынылған өнімдердің сапасына оң баға беріліп, өндіріс процесін одан әрі жетілдіру, өнімдердің функционалдық мүмкіндіктерін арттыру және техникалық оңалту құралдарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша нақты ұсыныстар жеткізілді.

Сонымен бірге, кәсіпкерге өндірісті кеңейтудің заңнамалық және әкімшілік тетіктері толық түсіндірілді. Атап айтқанда, дайын өнімдерді стандарттау, сертификаттау, сондай-ақ оларды тиісті нормативтік талаптарға сай медициналық бұйым ретінде ресми тіркеу рәсімдерінен өткізу жолдары талқыланды. Мемлекеттік tapсырыстарға қатысу және өнімді медициналық-әлеуметтік мекемелерге жеткізу үшін бұл процедуралардың заңды әрі жүйелі түрде орындалуы аса маңызды. Осы бағытта тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара тығыз іс-қимыл жасау және кәсіпкерге қажетті әдістемелік қолдау көрсету мәселелері келісілді.

Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы отандық өндірісшілерді қолдауға, сапалы оңалту құралдарын жергілікті деңгейде шығаруды дамытуға және кәсіпкерлердің жаңа әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруға әрдайым қолдау көрсетуге дайын.

Басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолжетімді, сапалы әрі қауіпсіз оңалту құралдарын ұсыну арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту және өңірдегі отандық өндірістің әлеуетін арттыру болып табылады.

ТАТУЛЫҚ ПЕН БІРЛІК — ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ

Алдыңғы

23 тамызда Құрылтай сайлауы өтеді: Қазақстандықтар нені білу керек

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *