Шымкент қаласында 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі мемлекеттік қайтарымсыз грантқа үміткерлердің бизнес-жобаларын іріктеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтуде. Елімізде шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды кәсіпкерлікке баулу бағытында атқарылып жатқан бұл бастама өңірдегі тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал етеді.
Мемлекеттік грант берудің алғашқы легінде әлеуметтік санатқа жататын 435 азамат Business.enbek.kz арнайы порталы арқылы өздерінің дайындаған бизнес-жобаларын жүктеген. Қазіргі таңда үміткерлер арнайы құрылған комиссия мүшелерінің алдында өздерінің бастамаларын офлайн форматта қорғап жатыр.
Шараның ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында комиссия отырысының барысы Еңбек мобильділігі орталығының ресми Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілуде. Трансляция эфир аяқталғаннан кейін де тұрғындарға қолжетімді болуы үшін парақшада толық сақталады. Комиссия мүшелері әрбір жобаны жеке бағалап, оның өміршеңдігіне, үміткердің таңдаған саладағы тәжірибесіне, жобаның нарықтағы сұранысына және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетіне ерекше басымдық беруде.
Биыл қайтарымсыз грант көлемі 400 АЕК-ті, яғни 1 730 000 теңгені құрайды. Аталған мемлекеттік қолдауға көпбалалы отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар, сондай-ақ еңбек қызметіне медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азаматтар үміткер бола алады.
Айта кету керек, бөлінген грант қаражатын пайдаланудың қатаң талаптары бар. Мемлекеттік қаржыны несие өтеуге, тұрғын үй немесе жер учаскесін сатып алуға, шетел валютасын, бағалы қағаздар мен цифрлық активтерді сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіруге, сондай-ақ заңмен тыйым салынған қызмет түрлеріне жұмсауға мүлдем жол берілмейді. Грант қаражаты тек жаңа істі бастауға немесе қолданыстағы бизнесті кеңейтуге, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға бағытталуы тиіс.
Бұл жобалардың сәтті жүзеге асуы қалада жаңа жұмыс орындарының ашылуына, әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың өз ісін ашып, өз бетінше табыс табуына үлкен мүмкіндік сыйлайды.
Жалпы, мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай жүйелі қолдау өңірдегі патерналистік көңіл-күйді төмендетіп, азаматтар арасында адал еңбек пен кәсіпкерлік мәдениетті орнықтыруға оң ықпал етеді. Грант иегерлері өз бизнес-жобаларын іске асыру арқылы отбасылық бюджетін нығайтып қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына да өз үлестерін қосатын болады. Комиссияның шешімі бойынша үздік деп танылған жобалар жақын арада анықталып, қаржыландыру кезеңіне жол тартады.











Comments