Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде жас сарбаздардың салтанатты түрде Әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Әскер қатарына Тараз, Түркістан және Алматы қалаларынан шақырылған жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге ант берді. Жауынгерлер 1 айдан аса уақыт аралығында алдымен әскери қызметтің алғашқы дайындығынан өтті.
Салтанатты жиында әскери бөлім командирі полковник Бауыржан Нуралиев жас жауынгерлерді құттықтап, әскери ант – әрбір сарбаздың өміріндегі ең маңызды әрі жауапты қадам екенін атап өтті. Ол жас сарбаздарға Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып, әскери тәртіпті қатаң сақтап, ел сенімін ақтайтын нағыз жауынгер болуға тілек білдірді. Салтанатты шараға қатысқан жас сарбаздардың ата-аналары олардың нағыз Отан қорғаушы ержүрек жауынгер болуға ант берген сәтіне куә болды.
Өз кезегінде жас сарбаз қатардағы жауынгер Ержігіт Мұхамедали ант қабылдаған қатарлас жауынгерлерді мерекемен құттықтап, бұл күннің әрбір сарбаз үшін ерекше тарихи сәт екенін айтты. Сондай-ақ ол барша сарбазға әскери қызметтерін абыроймен атқарып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолында адал қызмет етуге шақырды.
Енді жас жауынгерлерді алда бір жылдық әскери қызмет күтіп тұр. Осы уақыт ішінде олар Шымкент қаласына қарасты арнайы мекемелерді күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқарып, әскери қызметтің қыр-сырын меңгеріп, Отан қорғаушысы ретінде шыңдалатын болады.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметі













Comments