Қадірлі жерлестер!
Алдағы өтетін Құрылтай сайлауы — еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды науқан. Бұл — елдің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтып, халықтың ортақ мүддесін көздейтін, мемлекетіміздің болашақ даму бағытын айқындауға ықпал ететін маңызды қадам.
Мемлекетіміздің өркендеуі мен қоғамның дамуы әрбір азаматтың белсенді азаматтық ұстанымына тікелей байланысты. Сондықтан Құрылтай сайлауына қатысу — тек азаматтық құқық қана емес, ел тағдырына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты — халықтың үнін еститін, әділетті әрі берік мемлекет қалыптастыру. Осы игі бастамалардың нәтижелі жүзеге асуына әрбір азаматтың қолдауы мен белсенділігі қажет. Құрылтай сайлауы — қоғамның пікірін саралап, ел дамуына тың серпін беретін ұсыныстарды ортаға шығаратын маңызды алаң.
Біз тәуелсіз еліміздің келешегіне бейжай қарамайтын азаматтар ретінде қоғамдық маңызы зор бұл науқанға белсенді қатысуымыз қажет. Әрбір дауыс — ел ертеңіне қосылған үлес, ұлт болашағына бағытталған сенім мен жауапкершіліктің белгісі.
Ардагерлер — қоғамның ақылшысы, бірлік пен татулықтың ұйытқысы. Сондықтан барша аға буын өкілдерін, жастарды және аудан тұрғындарын Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Елдің ертеңі үшін қабылданатын маңызды шешімдерге атсалысу — баршамыздың ортақ парызымыз.
Береке-бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Ел игілігі жолындағы маңызды саяси науқанда белсенділік танытып, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етейік.
Бердалы Баймұратов,
Сауран ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы
ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАСТАЙТЫН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ













Comments