Оңтүстік өңірінің тумасы, Ордабасы ауданы Төрткүл ауылындағы көп балалы отбасында дүниеге келген Қуандық Сұлтанғали Нұрлыбайұлы — отандық спорт пен білім беру саласына, сондай-ақ қоғамдық өмірге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті маман, ғибратты ұстаз. Бала күнінен мектеп қабырғасында үздік оқып, белсенділігімен танылған ол тоқсаныншы жылдардың басында Украинаның Черкассы қаласында Тай бокс өнерін меңгеріп, 1992 жылы ел клубтары арасындағы чемпионаттың жеңімпазы атанды. Елге оралған соң Шымкент қаласында кикбоксингтен шеберлігін шыңдап, кейіннен Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша үздік тәмамдады.
Сұлтанғали Нұрлыбайұлының ұстаздық және бапкерлік жолы Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайында басталып, №2 Кәсіптік колледжде және мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жемісті жалғасты. Өз ісінің майталманы ретінде ол облыстық «Өнерлі ұстаз» конкурсының Гран-при жүлдесін иеленіп, Білім басқармасы тарапынан бірнеше мәрте жоғары бағаланды. Оның басшылығымен халықаралық аренада ел намысын қорғаған кикбоксингтен көпдүркін әлем чемпионы Нұркен Төлегенов, әлем чемпиондары Жанат Махамбет, Нұрболатқожа Омар, Арсен Әбдірәсіл, Азия чемпионы Аида Тұяқбай және Әлем кубогының иегерлері Әбіш Құдайберген мен Әлкен Төлегенов сынды саңлақтар өсіп шықты. Бапкер өз ғұмырында 30-ға жуық ҚР спорт шеберін дайындап, шәкірттерін биік белестерге жетеледі.
Спорттағы зор жетістіктерімен қатар Сұлтанғали Нұрлыбайұлы қоғамдық-саяси жұмыстарда да айрықша қолтаңбасын қалдырды. Ол Шымкент қаласы Муай-тай Федерациясының Вице-президенті, Жауынгерлік Өнер Ассоциациясының басшысы және ҚР Кикбоксинг Федерациясы Төрешілер алқасының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Сонымен қатар Шымкент қаласы мәслихатының 7-ші шақырылым депутаты ретінде жергілікті өкілді органның дамуына, бұқаралық спортты қолдауға елеулі үлес қосты.
Ұзақ жылдар бойы Шығыс жекпе-жек түрлерінен МБЖСМ-де аға жаттықтырушы болып, бүгінде Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубында еңбек етіп жүрген тұлғаның еңбегі мемлекет тарапынан лайықты ұлықталды. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл», педагогика саласының «Ұлағат», «Аманат» партиясының арнайы төс белгілерімен және «Үздік депутат» атағымен марапатталды.
Бүгінде бес баланың үлгілі әкесі, адал жар Қуандық Сұлтанғали Нұрлыбайұлы — жас ұрпаққа отансүйгіштік пен еңбекқорлықтың шынайы үлгісін көрсетіп келе жатқан ел ағасы.
ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА НАМЫСЫ БИІК, ЕҢБЕГІ ЕСЕЛІ ТҰЛҒА: ҚУАНДЫҚ СҰЛТАНҒАЛИ НҰРЛЫБАЙҰЛЫ













Comments