Кәсіподақ қозғалысының негізгі күші мен шынайы беделі — оның бастауыш ұйымдарының белсенділігінде. Бастауыш ұйым қаншалықты қуатты, ықпалды болса, әрбір еңбек адамының құқығы, әлеуметтік жағдайы және еңбек қауіпсіздігі соншалықты сенімді қорғалады. Осы қағиданы басты бағыт етіп алған «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында кезекті мазмұнды кездесуін өткізді. Кәсіподақ өкілдері Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының «Әл-Фараби» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысшыларымен жүздесіп, кәсіподақ мүшелерінің тыныс-тіршілігімен және күнделікті тынымсыз еңбек жағдайымен етене танысты.
Коммуналдық сала — қала тіршілігінің тамыры, ал осы салада тер төгіп жүрген жұмысшылардың еңбегі ерекше сипатқа ие. Олар — мезгіл таңдамайтын, түн баласы көз ілмей, таң боздан жұмысқа кірісетін нағыз еңбек майданының қаһармандары. Шымкенттің аптап ыстығында да, қыстың сақылдаған сары аязы мен боранында да, нөсерлеткен жауынында да ауа райының қолайсыздығына қарамастан, бұл ұжым бір сәт те тоқтаған емес. Қала көшелерінің тазалығы, жасыл желектің күтімі және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру тікелей осы жандардың қажырлы қайратымен атқарылып келеді.
Жиында сөз алған «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов дәл осы жайттарға тоқталып, қуатты бастауыш ұйым қалыптастыру арқылы еңбек адамының мәртебесін көтеру — басты міндет екенін атап өтті. Ол қатысушыларды келе жатқан «6 шілде – Астана күні» мерекесімен құттықтап, қала игілігі үшін еңбек етіп жүрген жұмысшыларға ерекше ықыласы мен шынайы алғысын білдірді. Серік Елемесұлы ұйымның дамуына, ұжымдағы береке-бірліктің артуына атсалысып, өз міндетін мінсіз атқарған мекеменің белсенді қызметкерлерін жоғары марапаттармен ұлықтады.
Қуатты ұйымның белсенді тірегіне айналған еңбек озаттарының есімдері марапаттау сәтінде ерекше құрметпен аталды. Атап айтқанда, еңбектегі жоғары көрсеткіштері мен кәсіподақ ісіне адалдығы үшін «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгісімен Тимур Шәкірұлы Нарымбетов, Дінмұхамед Соғысханұлы Шаншарханов, Айдос Төреханұлы Ақылбай және Бекмырза Әуезханұлы Абсанов марапатталды.
Сонымен қатар, кәсіподақ өміріне белсене араласып, ауыр да жауапты қызметте адалдық танытқаны үшін Нұрсұлтан Уәлиханұлы Қожақов, Дәурен Мұхаммедалиұлы Икрамов, Еркен Ерсінәліұлы Мұстафаев, Бекзат Минаварбекұлы Уразбеков және Светлана Сергеевна Тұрмаханбетова салалық кәсіподақтың «Құрмет грамотасына» ие болды.
Сондай-ақ, ұжымның бірлігін бекемдеуге үлес қосқан бірқатар қызметкерлер — Жәмила Мәмішқызы Куванова, Гүлбахира Сейфуллақызы Оспанова, Ғабдулла Ұлықбекұлы Қаныбеков, Мәдина Әбитдінқызы Садықова, Асылжан Айдарбекұлы Қаштаев пен Қарашаш Жарқынбекқызы Ізбасар арнайы «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Кездесу соңында сөз алған мекеме басшысы Тимур Нарымбетов ұжым атынан «Қызмет» салалық кәсіподағына үлкен ризашылығын білдірді. Ол бастауыш ұйымның жұмысын жандандыру арқылы жұмысшылардың мүддесін қорғау, олардың ауыр еңбегін елеп-ескеру және моральдық-материалдық қолдау көрсету бұдан былай да жүйелі түрде жалғаса беретінін айтып, кәсіподақ басшылығына шынайы алғысын жеткізді.
ҚУАТТЫ БАСТАУЫШ ҰЙЫМ: «ӘЛ-ФАРАБИ» МЕКЕМЕСІНІҢ ЖҰМЫСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ













Comments