Мәдениет

Аршатыға ән болып келген аңыз

Шығыс Қазақстанның ең шеткері, таңның алғашқы шапағы елден бұрын түсетін қасиетті Катонқарағай өңіріндегі Аршаты ауылы үшін бұл күн ұмытылмас мерекеге айналды. Қазақ өнерінің бұлбұлы, Қазақстанның халық әртісі, Қырғызстан мен Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Роза Қуанышқызы Рымбаева ауылға арнайы келіп, жергілікті тұрғындармен жүздесті.

Бұл жай ғана кездесу емес, өнер мен елдің жүрегі тоғысқан ерекше сәт болды. Таудың саф ауасы мен бұлақтың сыңғырына ұласқан ән кешінде ауыл тұрғындарының жүзінен қуаныш, көзінен мақтаныш сезімі анық байқалды. Қазақ эстрадасының аңыз тұлғасын бұрын теледидардан ғана көріп жүрген үлкендер мен жастар енді оны өз ауылында қарсы алып, емен-жарқын әңгімесін тыңдап, өнеріне куә болды.

Кездесудің ең әсерлі тұсы – Роза Рымбаеваның ауыл халқымен бірге ән шырқауы еді. Сол сәтте сахна мен көрерменнің арасы жойылып, өнер бәрін бір арнаға тоғыстырды. Әнге қосылған ауыл адамдарының үні мен халық әртісінің асқақ дауысы Алтайдың асқар шыңдарын жаңғыртып, Аршаты аспанын әсем әуенге бөледі. Бұл – өнердің адамды жақындастыратын, жүректерді біріктіретін құдіретінің айқын көрінісі болды.

Аршаты – табиғаттың ғана емес, руханияттың да мекені. Осындай шалғай ауылға ел мақтанышының арнайы келуі – ауыл тұрғындарына көрсетілген үлкен құрмет. Бұл сапар жас буынға өнерді сүюдің, ұлттық мәдениетті қастерлеудің жарқын үлгісіне айналды.

Күн сайын Қазақстанға алғашқы күн сәулесін сыйлайтын Аршаты ауылы сол күні тағы бір жарыққа бөленді. Ол – қазақ әнінің алтын үні, халқымен бірге ән салған Роза Рымбаеваның шуағы еді. Бұл күн ауыл шежіресінде өнердің мерекесі, рухтың жаңғыруы, халық пен өнер саңлағының жүрекке жол тапқан тарихи кездесуі ретінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Қобланды  АБЕНОВ

ШАРДАРАДА ТӘУЕКЕЛ ТОПТАРЫМЕН ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУГЕ АРНАЛҒАН ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *