
Түркістан облысы білім басқармасының «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Мөлдір Баймұханбетованың ұйымдастыруымен Шардара аудандық әкімдігімен бірлескен тәуекел топтарымен жұмыс жүргізу мәселелері бойынша штаб отырысы өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәуекел тобындағы балаларды ерте кезеңде анықтау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру.
Штаб отырысына аудан әкімдігі, білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау бағытында жұмыс жүргізетін жауапты мамандар қатысты.
Кездесу барысында тәуекел тобындағы балалармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың қазіргі ахуалы сараланып, өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға кешенді қолдау көрсету, ведомствоаралық байланысты нығайту, алдын алу шараларын жүйелі ұйымдастыру бағытында нақты ұсыныстар айтылды.
Жиында Мөлдір Зайнуллақызы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті екені атап өтті. Осы бағыттағы тиімді жұмыстар өзара ынтымақтастық пен бірлескен жауапкершілікке негізделуі қажет екені айтылып, алдағы кезеңге арналған бірқатар міндеттер айқындалды.
Бала тағдырына бейжай қарамайтын жауапты мекемелердің басын қосқан бұл маңызды алаңда көтерілген әрбір ұсыныс – қауіптің алдын алуға, ал қабылданған әрбір шешім – өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі жарқын болашағын қалыптастыруға бағытталды.
Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ












Comments