

Елдің еңсесін тіктеп, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту мақсатында 2020 жылы құрылған «Қазақ аналары — Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі бүгінде еліміздегі ауқымды да беделді ұйымдардың біріне айналды. Белгілі қоғам қайраткері, ұлттық өнер мен тәрбиенің жанашыры Айгүл Жүгінісова жетекшілік ететін бұл бірегей ұйым жаһандану дәуірінде қазақтың салт-дәстүрін, аналар мектебін, ұлттық тәрбие мен мәдениетті сақтап, өскелең ұрпаққа аманаттауды басты мақсат тұтады. Еліміздің әр өңірінде қызу жұмыс істеп жатқан осы игілікті бірлестіктің Ордабасы аудандық филиалы жақында Темірлан ауылында айрықша жылылық пен ұлттық рух ескен тағылымды басқосу өткізді. Бүгінде бұл ұйымның аудандағы тізгінін көп жылдар бойы аудандық мәдениет бөлімінде дәстүрлі әнші болып еңбек етіп, өнер аспанында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, қазір құрметті демалыстағы белгілі тұлға Мәнзура Есетова басқарып отыр. Көпті көрген, көкірегі қазыналы мәдениет майталманының басшылығымен аудандық орталық кітапхананың оқу залында өткен бұл шараның маңызы өте жоғары болды.
Басқосуға ауданның әр қиырынан, ауыл-аймақтарынан ақ кимешекті, нұр жүзді аналар арнайы жиналды. Жиын барысында сөз алған ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері, атап айтқанда, жігіт сұлтаны, белгілі ақын, сазгер Құрманәлі Жылқыбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей және осы жолдардың авторы мінберге шығып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Біз өз сөзімізде ақ жаулықты аналарымыздың өте маңызды, сауапты да мықты жолда келе жатқандарын ерекше атап өттік. Халықтың өзіндік бет-бейнесін жоғалтпай, елдігін сақтап қалуы үшін ұлттық код пен салт-дәстүрдің ауадай қажет екенін тілге тиек етіп, ұйым жұмысына ақ жол мен сәттілік тіледік.
Бұл басқосу тек ресми баяндамалармен шектелмей, нағыз өнер мен руханият мерекесіне ұласты. Жиынға келген аналар да аянып қалған жоқ, өздерінің жүректен шыққан төл өлеңдерін оқып, күміс көмей дауыстарымен домбыра сүйемелдеуіндегі қазақтың байырғы халық әндерін шырқады. Күмбірлеген домбыра үні мен әжелердің әуезді дауысы жиналғандардың рухын көтеріп, ерекше бір тамаша әсер сыйлады.
Рухани кеш барысында ұйымның алдағы уақытқа жоспарлаған ауқымды мақсат-міндеттерімен де кеңінен таныстық. Ұйым төрайымы Мәнзура Есетова алдағы уақытта тек аудан орталығымен шектеліп қалмай, аудандағы барлық аумақтар мен шалғай ауылдарды аралап, халық арасында түрлі тағылымдық іс-шаралар ұйымдастыратындарын жеткізді. Аналардың бұл жоспары — өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіруде үлкен қозғаушы күш болары сөзсіз. Қазақтың салт-санасын тірілтуді мақсат еткен ақ кимешекті аналардың бұл қадамына біз де ақ жол тілеп тарқастық.
Базаркүл ҚАЛБЫР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі













Comments