Катонқарағай төрінде Шығыс Қазақстан облысының XXIV халықтық спорт ойындары аясындағы ат спортынан облыстық спартакиада дүбірі қыза түсті. Ұлттық рухты асқақтатып, ата дәстүрді ұлықтайтын айтулы додаға облыстың түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар мен құрметті қонақтарды аудан халқы ерекше ықыласпен қарсы алды.
Қазақ халқы ежелден қонағын төріне шығарып, ақ дастарқанын жайып, құрмет көрсетуді азаматтық парыз санаған. Осы игі дәстүр жалғасын тауып, Катонқарағай ауданы әкімінің атынан жарысқа келген спортшылар мен қадірлі меймандарға ақ дастарқан жайылды. Бұл – тек қонақасы емес, бірлік пен бауырмалдықтың, ұлттық тәрбиенің және қазақы қонақжайлықтың көрінісі болды.
Басқосу барысында аудан әкімінің орынбасары Жакитов Серік Мырзауәлиұлы сөз алып, жарысқа қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.
«Ат спорты — халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы. Бүгінгі жарыс жеңімпазды анықтаумен ғана шектелмейді, ол ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың бойына елдік рух пен отансүйгіштікті сіңіреді. Барша спортшыларға сәттілік, тартысты әрі әділ жарыс тілеймін», – деді ол.
Аудан әкімінің спорт жөніндегі кеңесшісі Баяндин Қуаныш Сіләмханұлы да ұлттық спорттың маңызына тоқталды.
«Атқа міну — қазақтың қанында бар қасиет. Осындай дүбірлі жарыстар арқылы жас ұрпақ ата-баба мұрасын тереңірек танып, ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыра түседі. Бүгінгі спартакиада барша қатысушыға жарқын жеңістер мен ұмытылмас әсер сыйласын», – деген жылы лебізін білдірді.
Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Болаев Бейімбет Қабдырахманұлы спорттың елді біріктіретін күш екенін атап өтті.
«Спорт — татулықтың, достықтың және ынтымақтың алтын көпірі. Осындай игі бастамалар өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарымыздың өміршеңдігін айқындай түседі. Барша қонақтарға Катонқарағай жерінен көтеріңкі көңіл күй мен жақсы әсер алып қайтуды тілеймін», – деді.
Жылы жүздесу еркін әңгімеге ұласып, спортшылар мен қонақтар қазақтың дарқан көңілін, Катонқарағай жұртының кең пейілін ерекше ықыласпен сезінді. Әсем табиғат аясында ұйымдастырылған бұл қонақасы көпшіліктің көңілінен шығып, мерекелік шараның мазмұнын байыта түсті.
Қазақ үшін тұлпар – еркіндіктің, қайсарлықтың және тектіліктің белгісі. Сондықтан ат спорты тек жарыс емес, ұлттық болмысты танытатын үлкен рухани құндылық. Осындай тағылымды шаралар ел бірлігін бекемдеп, ұлттық спорттың мәртебесін асқақтата түсетіні сөзсіз.
Қобланды АБЕНОВ












Comments