ӘлеуметЖаңалықтарҚоғамМәдениет

САХНА САҢЛАҒЫ: АҚШОРА ЖҮСІПТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ

Қазақ сатирасының шоқжұлдызы, халықтың ықыласына бөленген дарынды актер, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының тарланы – Ақшора Жүсіп Темірәліұлының есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Күлкі мен ойды астастырып, сахнадағы әрбір кейіпкерін шынайы бояуымен сомдап шығатын актердің өмір жолы — талмай ізденіс пен өнерге деген шексіз махаббаттың жемісі.
Ақшора Жүсіп 1960 жылы 4 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Өнер жолының алғашқы баспалдағын Жетісай қаласындағы мәдени ағарту техникумынан бастаған болатын. 1978 жылы «режиссура» мамандығын тәмамдаған жас талапкер өз өнерін шыңдау жолында еңбек жолын Қ.Жандарбеков атындағы сазды драма театрынан бастады. Актерлік шеберліктің қыр-сырына қаныққан ол кейінгі жылдары Шәуілдірдегі клуб меңгерушісі, «Жасөспірімдер клубының» директоры секілді қызметтерді атқара жүріп, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға сүбелі үлес қосты.
Алайда, өнерпаздың шығармашылық шабытының шырқау биігі 1995 жылдан басталды. Дәл осы тұста ол жекеменшік «Шаншар» әзіл-оспақ театрының құрамында режиссер әрі актер ретінде қалың көрерменнің сүйіктісіне айналды. Сахнада сомдаған әрбір образы көрермен жүрегінен орын алып, әзілдің астарындағы ащы шындықты халыққа сатира тілімен жеткізуі оның кәсіби деңгейінің жоғарылығын көрсетті.
Ол сахнада тек күлкі сыйлап қана қоймай, қоғамдағы келеңсіздіктерді өткір тілмен түйреп, ұлттық болмысымызды сақтап қалуға бағытталған рухани құндылықтарды дәріптеді.
Ақшора Жүсіптің таланты мен еңбегі ешқашан елеусіз қалған емес. Оның өнер жолындағы жетістіктері мемлекеттік деңгейде лайықты бағаланды. 2001 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, 2008 жылы Бірінші Халықаралық әзіл-сықақшылар фестиваліндегі табысты өнері мен мәдениетті өркендетуге қосқан үлесі үшін айрықша аталып өтті. Сол жылы облыс әкімінің «Жылдың ең үздік мәдениет қайраткері» номинациясын иеленуі — оның сахнадағы еңбегінің халық мойындаған бағасы еді. Ал 2011 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің шешімімен «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» төсбелгісіне ие болуы актердің шығармашылық ғұмырындағы жаңа белесті айқындап берді.
Өнерпаздың табанды еңбегі мен қоғамдық белсенділігі жыл өткен сайын жаңа қырынан жарқырап көрінуде. Шымкент қаласының мәдени өміріне сіңірген өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерді дамытудағы елеулі үлесі бағаланып, 2023 жылы Ақшора Жүсіп «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл мәртебелі марапат — актердің туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне қосқан айрықша үлесінің және халқының шынайы ықыласы мен құрметінің белгісі.
Бүгінгі таңда Ақшора Жүсіп — тек сахна шебері ғана емес, жас толқынға өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген тәжірибелі ұстаз, руханият майталманы.
Оның өнері — өмірдің өзі сияқты, кейде ойландырады, кейде күлдіреді, бірақ ешқашан бейжай қалдырмайды. Оңтүстік өңірінің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған өнер иесінің сахнадағы ғұмыры әлі де талай тың туындылармен толыға беретініне сенім мол.

Глава государства вручил Президенту Кипра Никосу Христодулидису орден «Достық» I степени

Алдыңғы

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *