ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ШЫМКЕНТТІҢ ГҮЛДІ КЕЛБЕТІ: СҰЛУЛЫҚТЫҢ АРТЫНДА ҚАНДАЙ ЕҢБЕК ТҰР?

Шымкент — еліміздегі ең жасыл, ең қонақжай және күн шуақты мегаполистердің бірі. Қалаға келген әрбір қонақ оның гүлмен көмкерілген көшелеріне, жайқалған саябақтарына тәнті болары сөзсіз. Алайда, көздің жауын алатын осы сұлулықтың, әрбір ашылған гүл қауызының артында таңсәріден күн батқанға дейін тынбай еңбек ететін қарапайым жұмысшылардың маңдай тері жатқанын екінің бірі ойлай бермейді. «Еңбек адамының» абыройын асқақтату — бүгінгі қоғамның басты міндеті. Шымкентті шынайы гүл қаласына айналдырып отырған да осы — қарапайым жасыл желек шеберлері.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында қолайлы әрі көрікті қалалық орта қалыптастыру мақсатында гүлзарлар мен жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жай ғана бір күндік науқан емес, жыл он екі ай үзілмейтін кешенді процесс. Көгалдандыру бағдарламасы аясында шаһарда жыл сайын маусымдық және көпжылдық гүлдер отырғызылады.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар ерекше қарқын алып, қаланың негізгі көшелері, айналма жолдары, саябақтары, гүлзарлары мен қоғамдық кеңістіктері түрлі гүлдермен безендірілуде. Мегаполис аумағына 800 мыңға жуық гүл көшеті егілді. Осыншама орасан зор көлемді игеру, әрбір түпті жерсіндіру — оңай шаруа емес.
Қаланың эстетикалық келбетін сақтау және гүлзарлардың сәнін арттыру мақсатында маусымдық агротехникалық шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта арнайы техника мен білікті мамандар жұмылдырылған. Көгалдандыру саласының мамандары күн сайын:
— Гүлдерді уақытылы және жүйелі суару;
— Түптерін арамшөптерден тазарту;
— Топырағын қопсытып, минералды тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстарын атқаруда.
Шымкенттің аптап ыстығында гүлді аман сақтап қалу — нағыз жанкештілікті талап етеді. Біз аптаптан таса іздеп, салқын жерге тығылғанда, жасыл шаруашылық жұмысшылары күннің көзінде, далада жүріп еңбек етеді. Олардың бұл ісі — туған қалаға деген шынайы сүйіспеншіліктің және өз кәсібіне деген адалдықтың жарқын үлгісі.
Қазіргі қоғамда «маған мемлекет бәрін беріп қою керек» деген патерналистік көңіл-күйден арылатын уақыт жетті. Дайынға айдап, масылдыққа бой алдырғанша, дәл осы жасыл желек жұмысшылары сияқты қоғамға, қоршаған ортаға пайда әкелу — әрбір азаматтың парызы. Еңбекқорлық — адамды тек материалдық тұрғыдан емес, рухани тұрғыдан да байытады. Жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, олардың еңбегін бағалау — ел дамуының негізі.
Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар қаланың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі тартымды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрбір шымкенттік пен қала қонағы осы сұлулықты сақтауға атсалысып, қарапайым еңбек адамдарының жұмысын құрметтеуі тиіс. Өйткені, гүлденген Шымкент — еңбекқор жандардың ортақ жетістігі.

Екінші мүмкіндік, бірақ жазасыздық емес – ІІМ амнистия-2026 туралы

Алдыңғы

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН МЕДИА ФЕСТИВАЛІ: ALMATY AI MEDIA FEST-2026

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *