Шымкент гарнизонының 10216 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін қатардағы жауынгер Теміров Полатбек Миракбарұлы өтеп жатыр. Жас сарбаз әскери міндетін абыроймен атқарып қана қоймай, халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғаған болашағынан зор үміт күттіретін спортшы ретінде де танылып үлгерген.
Теміров Полатбек 2007 жылғы 17 маусымда Шымкент қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 2023 жылы мектепті аяқтап, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша колледжге оқуға түсті. 2025 жылдың қараша айында академиялық демалыс алып, Отан алдындағы борышын өтеу үшін өз еркімен әскер қатарына шақырылды.
Ол бала кезінен спортпен айналысып, мектеп қабырғасында түрлі спорт секцияларына қатысқан. 2022 жылдан бастап пауэрлифтингпен шұғылданып, табанды жаттығулардың нәтижесінде 2024 жылы спорт шеберлігіне кандидат атағын иеленді.
Спортшы Қазақстанның түрлі қалаларында өткен чемпионаттарға қатысып, 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел чемпионаттарының төрт дүркін күміс және төрт дүркін қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар, 2023 жылы Азия чемпионатында күміс медаль иеленсе, 2024 жылы Мальтада өткен әлем чемпионатында екінші орынға ие болды.
Жас сарбаз өзінің спорттық жетістіктеріне жету жолында жаттықтырушылары Садыков Кахраманға, Садыков Рустамға және Садыков Ғайратқа ерекше алғысын білдіреді.
Қазіргі таңда қатардағы жауынгер Теміров әскери қызмет пен спортты қатар алып жүр. Болашақта оқуын жалғастырып, кәсіби спортпен айналысып, әлем чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салуды мақсат етеді.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі













Comments