Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу полигонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімінің көктемгі шақырылымдағы екі жүз әскери қызметшісі тактикалық және психологиялық даярлық сабақтарынан өтіп, кедергілер жолағын еңсеру және «танкпен жаттығу» элементтерін орындады.
Полигонға шығар алдында жас буын сарбаздары теориялық дайындық курсынан өтіп, танктердің, атыс қарулары мен қол гранаталарының тактикалық-техникалық сипаттамаларын, сондай-ақ оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын меңгерді.
Сабақтардың тәжірибелік кезеңі әскери қызметшілердің төзімділігін, психологиялық тұрақтылығын және жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада әрекет ету дағдыларын дамытуға бағытталды. Жас жауынгерлер шартты қарсылас оғынан жасырын қозғалу, кедергілерден өту және бөлімше құрамында іс-қимыл жасау тәсілдерін пысықтады.
Жаттығудың ең күрделі кезеңдерінің бірі «танкпен жаттығу» болды. Бұл кезеңде әскери қызметшілер ұрыс машинасы үстінен өтіп бара жатқан сәтте окоп ішінде орналасты. Сабақ басталар алдында дайындықтың барлық элементтерін жетекшілер мен нұсқаушылар жеке мысалмен көрсетті.
Сонымен қатар әскери қызметшілер тікенекті сым тартылған кедергілер жолағынан өтіп, оның астымен жер бауырлап жылжу тәсілін орындады. Ал шынайы жауынгерлік жағдайға жақын ахуал қалыптастыру мақсатында арнайы түтін шымылдықтары ұйымдастырылып, жолақ бойында от жағылды.
Танк қозғалтқышының үні мен шынжыр табанының гүрілі жас сарбаздарға ұрыс жағдайына барынша жақын атмосфераны сезінуге мүмкіндік берді. Командирлердің айтуынша, мұндай сабақтар жас жауынгерлерге ішкі қорқынысты жеңіп, өз күшіне деген сенімді қалыптастыруға көмектеседі.
— Мұндай далалық сабақтар әскери қызметшілерді даярлаудың маңызды бөлігі болып табылады. «Танкпен жаттығу» — бұл жай ғана оқу элементі емес, жауынгерлерді күрделі жағдайда әрекет етуге психологиялық тұрғыдан дайындайтын маңызды кезең. Сонымен қатар мұндай жаттығулар жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде шапшаңдықты, төзімділікті және сенімділікті дамытуға ықпал етеді, — деді жас толықтыру жиынының бастығы подполковник Қуаныш Айдынғалиев.
Сабақтар қорытындысы бойынша бөлімше командирлері дайындық деңгейін бағалап, жас әскери қызметшілердің жоғары ынтасын атап өтті. Жас жауынгер курсынан кейін сарбаздар Отанға адал болуға Әскери ант қабылдайды.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі













Comments