Жаңалықтар

Шымкентте «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Шымкент қаласында сегіз айға созылған «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ауқымды әдеби байқауға 66 мыңнан астам тұрғын қатысып, жалпы саны 500 мыңнан аса кітап оқылған.

Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, кітап оқуды өмір салтына айналдырған белсенді тұрғындарды марапаттады. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Оқитын ұлт» бастамасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Байқау қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген пікірдің шындыққа жанаса бермейтінін көрсетті. Жобаға 26 мыңнан астам мектеп оқушысы, 18 мыңнан аса студент, 6 мыңнан астам педагог, 15 мыңнан аса отбасы мүшелері мен жүздеген мемлекеттік қызметкер қатысқан. Қатысушылар кемінде 15 кітаптан оқып, арнайы талқылаулар мен пікір алмасу алаңдарына белсенді түрде атсалысты.

Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» номинациялары бойынша үздіктер анықталды. Әсіресе, отбасылық оқу мәдениетін насихаттайтын бағыт көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, кітап оқу тұтас әулеттің мәдениетіне айналған жағдайда ғана оның қоғамға әсері айқын байқалады. Жоба тек жарыс форматында өтпей, рухани әрі зияткерлік орта қалыптастыру алаңына айналған.

Жеңімпаздардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, педагогтар, оқушылар мен студенттер бар. Атап айтқанда, Мемлекеттік қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Әбсәдірова, Бауыржановтар әулеті, педагогтар Аяжан Байтемір, Иса Шаншар және Гүлнафис Кемерова үздіктер қатарынан көрінді.

Студенттер мен мектеп оқушылары арасында да ерекше белсенділік байқалды. Олардың қатарында Азамат Қанадылаев, Мирас Мұталов және бірқатар мектеп оқушыларының командалары бар. Үздік қатысушыларға 1 миллион теңгеге дейін ақшалай сертификаттар табысталды.

Белгілі әдебиеттанушы, жазушы Құлбек Ергөбек байқаудың қоғам үшін маңызын атап өтті.

– Кеңес кезеңінде кітап оқудан әлемде алдыңғы қатарда болдық. Кейін тұрмыс мәселесі алға шықты. Бүгінгі байқау халықтың әдебиетке деген ықыласы әлі де сақталғанын көрсетіп отыр, – деді ол.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын иегерлеріне 1 миллион теңге, екінші орынға 600 мың теңге, ал үшінші орын иелеріне 400 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталды. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы үздіктерге 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі сыйақылар берілді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Шымкентте басталған жоба алдағы уақытта да жалғасын табады. Негізгі мақсат – кітап оқуды күнделікті мәдени дағдыға айналдырып, ойлы әрі білімді ұрпақ қалыптастыру.

В АКИМАТЕ ШЫМКЕНТА РАССМОТРЕЛИ МЕРЫ ПО ПРОФИЛАКТИКЕ ПРАВОНАРУШЕНИЙ И ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ НАРКОМАНИИ

Алдыңғы

Более 66 тысяч шымкентцев приняли участие в проекте «Читающая нация»

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *