«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан кәсіпкерлеріне арналған бизнесті кеңейту мен дамытуға арналған ауқымды турды бастады. Осы орайда 2026 жылғы 6 сәуір мен 4 мамыр аралығында елдің 17 қаласында кәсіпкерлерге арналған тегін кездесулер өтеді.
Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлерге бизнесін жаңа деңгейге шығаруға бағытталған жобаны «Атамекен» ҰКП және Central Asian Association of Franchising (CAAF) Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы бірлесіп жүзеге асырады.
Шымкентте өткен кездесуге «Атамекен» ҰКП ШОБ дамыту Комитетінің төрағасы Гүлбану Майгарина, Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Нулифар Сайдуллаева және 70-ке жуық кәсіпкер қатысты.
«Шырайлы Шымкент қаласына қош келіпсіздер. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығының жетекшілері кәсіпкерлерге пайдалы осындай семинар-кездесулер ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамыз. Мұндай кездесулер іскерлік қоғамдастық үшін аса маңызды. Еркін форматта бизнесті дамыту бойынша құнды мәліметтер алмасамыз», – деді Нулифар Сайдуллаева.
Кездесу барысында сарапшылар кәсіпкерлерге бизнесті жүйелеу, жергілікті жерле және басқа қалаларда филиалдар ашу және франчайзинг арқылы даму мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, тәжірибелерін бөлісті.
«Шымкент – еліміздің ең іскер әрі белсенді орталықтарының бірі. Білім алуға келгендеріңізге алғыс айтамыз. Мұнда көптеген кәсіпкер өз ісін жүргізіп келеді. Енді жергілікті және еліміздің басқа да қалаларындағы бизнестің ауқымын одан әрі кеңейтуге, соңғы өзгерістерге, нарықтағы жағдайға байланысты дамуға көмектесу мақсатында 17 қаланы аралап шығамыз. Сіздерге тек теория ғана емес, нақты тәжірибелерді де ұсынамыз. Мысалы, дүкен, кафе, өндіріс орындары немесе қызмет көрсету компаниялары секілді тұрақты жұмыс істеп тұрған бизнес бар делік. Дегенмен, осындай кәсіптің көлемін арттырып, ауқымын кеңейту қажеттілігі туындағанда филиалдарды қалай және қайдан ашу қажет, сапаны сақтау қалудың қандай тың тәсілдері бар, кәсіпті қашықтықтан басқару мүмкін бе деген сұрақтарға бірге жауап іздейміз», – деді Гүлбану Майгарина.
Тур бағдарламасы барысында практикалық кездесу форматында кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріліп, нақты кейстер арқылы талдау жасалды, бизнестің өсу нүктелерін анықтауға назар аударылды.
Кәсіпкерлер бизнес-процестерді жүйелеу, есеп жүргізу мен басқаруды жолға қою, бизнесті франчайзинг форматына дайындау жолдары туралы мол мағлұматқа ие бола алады.
Айта кетейік, бұл жоба бастамашыларының бірі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ШОБ дамыту Комитетінің төрағасы Гүлбану Майгарина.
Ал тур өтетін қалалар тізімі мен кездесулер жайлы толық ақпарат «Атамекен» ҰКП-ның әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады.










Comments