ӘлеуметЖаңалықтарЗаңҚоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТ ӨКІЛДЕРІ КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ АКТИВІМЕН СЕМИНАР-КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Кентау қаласында Түркістан облыстық соты өкілдерінің қатысуымен маңызды семинар-кездесу өтті. Іс-шараға облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрлан Биболов арнайы қатысып, құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Жиынға қала активі, құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – жергілікті атқарушы органдар тарап болып табылатын еңбек, жер және өзге де азаматтық дауларды қарау барысында туындайтын проблемалық мәселелерді талқылау, сондай-ақ қылмыстық істер аясында сот шығындарын бөлу және оларды азаматтық іс жүргізу тәртібімен өндіру мәселелерін түсіндіру болды. Құқықтық нормаларды бірізді қолдану мен сот тәжірибесін жетілдіру – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Аталған мәселелердің өзектілігін ескере отырып, жиынға Жандос Тасов, Кентау қалалық соты төрайымы Айнұр Сағындықова, Кентау қалалық прокуратурасы өкілдері, сондай-ақ Кентау қалалық полиция бөлімі басшылығы қатысты. Сонымен бірге қала әкімінің орынбасарлары, әкім аппаратының басшысы, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ақсақалдар мен ардагерлер, мекеме басшылары және жауапты қызметкерлер семинар жұмысына белсенді атсалысты.
Жиын барысында қала прокуратурасының аға прокуроры Дина Орынбасарова сот сараптамасына байланысты процестік шығындарды өндіру және оларды азаматтық іс жүргізу тәртібімен қарау мәселелері жөнінде баяндама жасады. Ол өз сөзінде сот шығындарын өндірудің құқықтық негіздеріне тоқталып, тәжірибеде кездесетін түйткілді жайттарды нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Сонымен қатар Кентау қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары Марат Қадырқұлов қоғамдық тәртіп бұзудан келген материалдық шығындарды өндіру тәртібі туралы кеңінен ақпарат берді. Ол әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар салдарынан келтірілген шығындарды өтеу тетіктері мен қолданыстағы заңнаманың талаптарына тоқталды.
Семинар барысында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, сот және құқық қорғау органдарының өкілдері нақты әрі жан-жақты жауаптар берді. Ашық форматта өткен кездесу өзара тәжірибе алмасуға, құқық қолдану мәселелерін бірлесе талқылауға мүмкіндік берді.
Жиынды қорытындылаған Нұрлан Зұлпыхарұлы мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмыс істеуінің маңызын атап өтіп, барлық мекеме басшыларын заңдылық қағидаттарын қатаң басшылыққа ала отырып қызмет атқаруға шақырды. Оның айтуынша, заң талаптарын дұрыс әрі бірізді қолдану – азаматтардың құқықтарын қорғаудың және қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі кепілі.

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ КӨЛЕМІ 380 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСҚАН

Алдыңғы

ТҰҢҒЫШ РЕТ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯДА МЫҢЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫМЫЗ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ РЕТІНДЕ ЖАЗЫЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *