Кентау қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау, заңсыз сауданың алдын алу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді түсіндіру және рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Нұрдаулет Медеуов, Кентау қалалық полиция бөлімі қызметкерлері және сауда саласына жауапты бөлім мамандары қатысты. Рейд барысында қала аумағындағы сауда нысандарында заң талаптарының сақталуы, рұқсатсыз сауда деректерінің болмауы және кәсіпкерлердің белгіленген тәртіпке бағынуы назарға алынды.
Алдымен қаладағы Ынтымақ алаңы аумағында әр сенбі сайын өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне мониторинг жүргізілді. Жәрмеңкеге қатысушы сатушыларға қоғамдық тәртіпті сақтау, сауда орындарының тазалығын қамтамасыз ету, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындау және тауар бағасын негізсіз көтермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ сатушыларға тұтынушылармен мәдениетті қарым-қатынас жасау, таразы құралдарының дұрыстығын қадағалау және өнім сапасына жауапкершілікпен қарау қажеттігі ескертілді.
Аталған жәрмеңке – қала кәсіпкерлері мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға ұсынуға мүмкіндік беретін тиімді алаң. Бұл өз кезегінде нарықтағы бағаны тұрақтандыруға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Осындай шаралар арқылы тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді өнім ұсыну көзделген.
Сонымен қатар рейд барысында қала аумағындағы базарлар мен сауда орталықтарында орналасқан кәсіпкерлерге рұқсатсыз сауда жасауға жол берілмейтіні ескертілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204 және 505-баптарына сәйкес, заңсыз кәсіпкерлік қызмет пен абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны түсіндірілді. Тиісті рұқсат құжаттарынсыз сауда жасау, белгіленбеген орындарда тауар сату немесе қоғамдық орындардың тазалығын сақтамау – заң аясында жауапқа тартуға негіз болады.
Мамандар заң талаптарын сақтау – тек бақылаушы органдардың емес, әрбір кәсіпкердің міндеті екенін атап өтті. Қала аумағында тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ету, көлеңкелі сауданың жолын кесу және бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу – ортақ жауапкершілік.
Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, заң талаптарының орындалуы жүйелі бақылауда болады. Бұл шаралар қаладағы қоғамдық тәртіпті нығайтуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және тұрақты әлеуметтік-экономикалық ахуалды қамтамасыз етуге бағытталған.
КЕНТАУ: ҚАЛАДА ЗАҢСЫЗ САУДАНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ












Comments