Түркістан облысы аумағында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сталкинг пен қыз алып қашудың заңға қайшы әрекет екені туралы ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған шаралардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, адам құқықтары мен жеке бостандықтарын қорғау, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу.
Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Айгерім Жарқынбек брифинг барысында мәлімдеді. Спикердің айтуынша, қазіргі қоғамда адам құқықтарына қол сұғатын, жеке өміріне заңсыз араласатын әрекеттердің бірі – сталкинг пен қыз алып қашу. Бұл мәселелер соңғы жылдары қоғамда кеңінен талқыланып, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырып отыр.
Сталкинг – адамның еркінен тыс онымен байланыс орнатуға тырысу, қасақана аңду, мазалау, қорқыту немесе психологиялық қысым көрсету арқылы елеулі зиян келтіруге бағытталған әрекеттер. Мұндай қылықтар жәбірленушінің қауіпсіздігіне, психологиялық жағдайына және қалыпты өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Заңнамаға сәйкес, егер адамның еркінен тыс оны аңдуға немесе мазалауға бағытталған әрекеттер елеулі зиян келтірсе, кінәлі тұлғаға 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Сонымен қатар қыз алып қашу – ұлттық дәстүр ретінде бүркемеленгенімен, шын мәнінде қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын заңсыз әрекет. Қызды оның келісімінсіз алып қашу – адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын өрескел бұзу болып саналады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай әрекетке барған азаматтар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл – заң алдында әрбір азаматтың тең екенін және ешқандай салт-дәстүр заңнан жоғары тұрмайтынын көрсетеді.
Облыс көлемінде қыз алып қашудың құрбаны болған азаматшаларға құқықтық және психологиялық қолдау көрсету шаралары да ұйымдастырылуда. Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында, ауылдық округтерде түсіндіру кездесулерін өткізіп, тұрғындарға құқықтық жауапкершілік пен заң талаптарын жан-жақты түсіндіруде. Әсіресе жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға баса мән берілуде.
Мамандардың айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алуда қоғам белсенділігінің маңызы зор. Егер азаматтар сталкинг немесе қыз алып қашу деректеріне куә болса, бірден құқық қорғау органдарына хабарлауы қажет. Жәбірленушілердің үнсіз қалмауы, дер кезінде көмекке жүгінуі – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі.
Жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары – өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және адам құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілік қалыптасқанда ғана мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ МЕН СТАЛКИНГКЕ ҚАРСЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ












Comments