Шымкент қаласында 2026 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыруға бағытталған кешенді жоспар бекітілді. Жоспарда Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандары бойынша нақты көрсеткіштер айқындалған.
Жалпы алғанда, биыл 31 109 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделіп отыр. Оның ішінде әр ауданға шамамен 6-6,4 мың адамнан келеді. Бұл – еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Биылғы жоспарға сәйкес, 3 660 адам кәсіби оқыту шараларымен қамтылады. Олардың қатарында оқу ваучерлері арқылы оқыту, жұмыс берушілердің сұранысына сай қысқа мерзімді курстар, жұмыс орнында оқыту және онлайн дағдыларды дамыту бағдарламалары бар. Онлайн оқыту арқылы 3 000 адам жаңа дағдыларды меңгереді.
Кәсіпкерлікті қолдау аясында 2 470 адамға қолдау көрсетіледі. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 2 130 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 340 азаматқа өтеусіз мемлекеттік гранттар беру жоспарланған.
2026 жылы субсидияланатын жұмыс орындары арқылы және жұмысқа орналастыру жолымен 4 255 адам қамтылады. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар және «Күміс жас» жобасы бар. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік жұмыс орындары қарастырылған.
Бос жұмыс орындарына 11 427 адамды тұрақты және уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Бұл еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты теңестіруге мүмкіндік береді.
Жыл ішінде барлығы 9 297 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Оның 9 086-сы тұрақты, ал 211-і уақытша. Жұмыс орындарының бір бөлігі қаланың даму бағдарламалары мен концепциялар аясында, қалғаны жеке бастамалар есебінен ашылады.
Қала әкімінің қаулысымен 258 орындық квота бекітілді. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға, пробация қызметінде есепте тұрғандарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға және жетім балаларға арналған жұмыс орындары қарастырылған.













Comments