Жаңа Ата Заңның жобасында Қазақстанның мемлекеттік ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды.
Бұл туралы Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның кезекті отырысында мәлімдеді.
🔹Ол Конституцияның жобасын таныстырды және аталған ережелер «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімге енгізілгенін атап өтті.
«Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика деп тұжырымдалды. Осылайша бұрын бірқатар ғалымдар мен мамандардың басқару нысанын нақтылау қажеттігі туралы ұсынысы жүзеге асты», – деді Бақыт Нұрмұханов.
🔹Бұл ретте Комиссия мүшесінің айтуынша, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын қатардағы заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылған.
«Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Бұл мызғымас талап Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілді», – деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.
🔹Сонымен бірге, спикер Комиссияның кешегі отырысында егемендіктің иесі – халық екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс жасалғанын еске салды.
«Бұл идея Конституция мәтінінде көрініс тапты. 4-бапта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы, деп шегеленіп жазылды», – деді Бақыт Нұрмұханов.
✔️Оның айтуынша, Конституция мәтінінде «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертілді.
✔️Бұдан бөлек, халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді және өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді, деген норма тұжырымдалды.













Comments