ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

Сарыағаш ауданында қоғамдық көлік жаңартылды

Сарыағаш ауданында қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары толық көлемде жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, қалалар мен елді мекендерде сапалы әрі қолайлы қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыру басты назарда. Осы мақсатта аудан әкімдігі мен қызмет көрсетуші серіктестіктер бірлесе отырып, қоғамдық көлік паркін жаңарту жобасын сәтті жүзеге асырды.
Жаңартылған автопарктің кілттері салтанатты түрде аудан әкімі Арман Абдуллаевқа табысталды. Салтанатты рәсімге аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Шермат Ибрагимов, сондай-ақ сала өкілдері қатысты. Іс-шарада Арман Абдуллаев өз сөзінде ауданда жолаушылар тасымалын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті:
– Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда ауданда қоғамдық көліктердің жаңартылуы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, жолаушылардың уақтылы және қауіпсіз қатынауын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ Арман Абдуллаев жаңа автокөліктерді тиімді пайдалану, техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау және тұрғындарға мәдениетті әрі сапалы қызмет көрсету бойынша «SAR AVTO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымына үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты. Бұл серіктестік аудандағы қоғамдық көлікті басқару мен дамытуға тікелей жауапты болып отыр.
Қызмет көрсетуші серіктестік пен аудан әкімдігінің бастамасымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы қаржылық лизинг тетігі қолданылды. Нәтижесінде 6 дана «Газель» және 2 дана «ПАЗ» маркалы жаңа автобустар сатып алынды. Жаңартылған автопарк облыстық индикаторлық көрсеткіштерді толық көлемде орындап, ауданішілік және елді мекендер арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, сонымен қатар қоғамдық қызмет көрсету сапасын елеулі түрде көтеруге бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Жоба іске асырылғаннан кейін аудан тұрғындары қоғамдық көлікті пайдалану барысында ыңғайлылықты, қауіпсіздікті және уақытылы қатынауды бағалай алады. Сонымен қатар, жаңартылған автопарк аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді, өйткені жаңа автобустар азаматтардың жұмысқа, мектепке және емханаға қауіпсіз әрі уақытылы жетуін қамтамасыз етеді.
Сарыағаш ауданы әкімдігі мен «SAR AVTO» серіктестігі болашақта да қоғамдық көлікті жаңарту және дамыту жұмыстарын жалғастырып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

КЕЛЕС: Келесте жеңілдетілген несие бағдарламалары таныстырылды

Алдыңғы

ПРЕЗИДЕНТ БАС ПРОКУРАТУРАДА ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *