Сарыағаш қаласында орналасқан «Сарыағаш» теміржол вокзалының құрылыс барысымен аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы танысты. Кездесу барысында аудан басшысы нысанның құрылысын сапалы аяқтау, барлық жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттар мен заманауи стандарттарға сәйкес жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Құрылыс алаңында іргетас жұмыстары толық аяқталып, қазіргі таңда кірпіш қалау және бетон бағаналарын құюға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі құрылыс барысы кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігіне ерекше назар аударды. Жұмысшылардың қорғаныс құралдарын пайдалануын, құрылыс техникасының дұрыс және қауіпсіз жұмыс жасауын бақылау тұрақты түрде жүргізілуде. Құрылыс алаңында жұмыс барысын тиісті сала мамандары үнемі қадағалап, сапалы және уақытылы орындауға жауапты.
Жоба тапсырыс берушісі – «Қазақстан Темір жолы» АҚ, ал құрылыс жұмыстарын «Bold Construction Group» ЖШС жүзеге асыруда. Мердігер мекеме барлық жұмыстарды сапалы, қауіпсіз және жобалық мерзімге сай аяқтау міндетін мойнына алған. Қазіргі уақытта теміржол вокзалының құрылыс алаңында іргетас құю, бетон бағаналарын орнату, кірпіш қалау, коммуникацияларды жүргізу және инженерлік жүйелерге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жаңа теміржол вокзалының ашылуы аудан үшін стратегиялық маңызды жоба болып табылады. Жобаның аяқталуымен вокзал заманауи талаптарға сай жаңарып, жолаушыларға барлық қажетті ыңғайлы жағдайларды ұсынатын болады. Атап айтқанда, вокзалдың инфрақұрылымы кеңейіп, күту залдары мен билет кассалары заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталады, қозғалыс пен ақпараттық жүйелер автоматтандырылып, жолаушыларға ыңғайлы сервис көрсетіледі.
Сонымен қатар, жаңа вокзал ауданның көлік инфрақұрылымын дамытуға да өз үлесін қосады. Көлік қозғалысы оңтайландырылып, теміржол мен жергілікті көлік байланысы жақсарады. Бұл өз кезегінде экономикалық тиімділікті арттырып, Сарыағаш қаласының және аудандағы тұрғындардың сауда, туризм және қоғамдық қызмет саласында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне ықпал етеді.
Аудан әкімдігі мен мердігер мекеме жоба бойынша сапа мен қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қамтамасыз етуде. Құрылыс барысы қоғам үшін ашық, барлық жұмыстар тиісті бақылауда, ал аудандағы тұрғындар жаңа вокзалдың іске қосылуын асыға күтіп отыр. Жобаның аяқталуымен «Сарыағаш» теміржол вокзалы тек көлік қозғалысын ұйымдастыру үшін ғана емес, сонымен қатар заманауи сервистік қызмет көрсету орталығы ретінде де қызмет атқарады деп жоспарлануда.
Сарыағаш ауданында жаңа теміржол вокзалының құрылысы қарқынды жүргізілуде













Comments