Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен кездесу өткізіп, өңірде заманауи аквапарк салу мәселесін талқылады. Кездесу барысында Түркістан қаласында ірі демалыс кешенін іске асыру жоспарлары қаралды. Жоба ауқымды әрі кешенді түрде жасалған, ол тек қана туристік тартымдылықты арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге де бағытталған.
Жобаға сәйкес, аквапарк кешенінің жалпы аумағы 120 мың шаршы метрден асады. Мұнда заманауи су аттракциондары бар аквапарк аймағы, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы және банкет залдары орналаспақ. Кешен отбасылық демалыс пен туризмді дамытуға бағытталған, бұл оны Түркістан қаласы мен облыстың туристік әлеуетін арттырудағы маңызды нысанға айналдырады.
Аквапарктың басты ерекшелігі – маусымға бейімделетін аттракциондар жүйесі. Жазғы мезгілде мұнда кең көлемді су айдыны шомылуға пайдаланылса, суық мезгілде бір бөлігі картинг жолына айналатыны жоспарланған. Бұл кешеннің жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, келушілер үшін биік сырғанақтар, торнадо үлгісіндегі аттракцион, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және интерактивті ойын аймақтары қарастырылған. Мұның барлығы балалар мен ересектер үшін бірдей қызықты әрі қауіпсіз ойын-сауықты қамтамасыз етеді.
Жаңа туристік кешен тек Түркістан өңірімен шектелмей, еліміздің өзге облыстарынан және шетелден келетін туристерге бағытталады. Жоба іске асырылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, өңірдің туризм саласындағы тартымдылығы айтарлықтай артады. Бұл әсіресе жастар мен мамандарды тұрақты жұмысқа тарту арқылы аймақтық экономиканы нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында қос тарап өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне қатысты келіссөз жүргізді. Әсіресе «Turan» арнайы экономикалық аймағында жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жанданып, инвестициялық климатты одан әрі жақсарту бағытында нақты қадамдар қарастырылды. Шетелдік инвесторлар жергілікті кәсіпкерлік инфрақұрылыммен, логистикамен және нарықтық сұраныспен таныстырылды, бұл болашақтағы жобалардың тиімді іске асуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Отандық және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға негізгі капиталға салынған инвестиция жоспары 1 трлн 427 млрд теңге болып бекітілген. Ал жыл қорытындысы бойынша нақты 1 трлн 746 млрд теңге инвестиция бағытталып, өсім 121,6%-ды құраған. Бұл көрсеткіш өңірдің инвестициялық тартымдылығын растап қана қоймай, экономикалық дамудың қарқынды екенін дәлелдейді.
Осылайша, Түркістан қаласында салынатын халықаралық деңгейдегі аквапарк жобасы өңірдің туризм саласын жаңа белеске шығарып, жергілікті экономиканың дамуына елеулі үлес қосады. Жобаның іске асырылуы жаңа жұмыс орындарын құруға, туристік инфрақұрылымды дамытуға және облыстың халықаралық аренадағы танымалдығын арттыруға бағытталған стратегиялық бастама болып отыр.
Түркістанда халықаралық деңгейдегі аквапарк салу жобасы талқыланды













Comments