Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиында қалалық жер қатынастары бөлімі мен қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің 2025 жылы атқарған жұмыстары мен 2026 жылға арналған жоспарлары тыңдалды.
Алдымен қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Баубек баяндама жасап, жерді тиімді пайдалану бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Кентау қаласы бойынша 2026 жылдың соңына дейін жалпы көлемі 1000,0 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Бүгінгі таңда 160,0 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан және мақсатсыз қолданылған жерлерді қайта түгендеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Сондай-ақ, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған азаматтардың тізімі «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне енгізілгені атап өтілді. Қазіргі таңда азаматтар «egov.kz» электронды үкімет порталы арқылы жер кезегіне онлайн түрде тұра алады. 2006 жылдан бері бүгінгі күнге дейін 12 мыңнан астам азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіне тіркелген.
Қала әкімі жайылымдық жерлер мен кәсіпкерлік мақсатта берілген жер учаскелерін түгендеу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Данияр Байсейітов баяндама жасады. 2025 жылы басталған бірқатар құрылыс нысандарының құрылысы 2026 жылы да жалғасатыны айтылды.
Сонымен қатар, қала аумағындағы сәулеттік талаптардың сақталмауына байланысты бірқатар кемшіліктер анықталып, кәсіп иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілгені және заң талаптарын бұзғандарға айыппұл салынғаны хабарланды.
Қала әкімі қала аумағындағы жарнамалық конструкциялар мен ғимараттардың қасбеттерін реттеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру жөнінде бөлім басшысына ескерту жасады.
КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА 3 600 ГА ЖАЙЫЛЫМДЫ ЖЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ













Comments