ӘлеуметЖаңалықтарҚоғамЭкономика

КЕЛЕС: Келесте жеңілдетілген несие бағдарламалары таныстырылды

Келес ауданында кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен насихаттау мақсатында арнайы ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. Шараға Түркістан облысының «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев қатысып, өңір тұрғындарына қолжетімді қаржыландыру бағдарламаларының шарттарын жан-жақты таныстырды.
Кездесу барысында қатысушыларға «Ырыс» МҚҰ арқылы жүзеге асырылып жатқан несие бағдарламалары туралы толық ақпарат берілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге жылдық 5–15 пайыз мөлшерлемемен 84 айға дейін несие беру қарастырылған. Сонымен қатар, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланатыны және несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеу кезінде айыппұл санкциялары қолданылмайтыны түсіндірілді.
Көкемгі егін егу және жинау жұмыстарын қаржыландыруға арналған «Кең дала» бағдарламасы да назардан тыс қалмады. Бағдарлама аясында несие жылдық 5 пайызбен 12 айға дейін беріледі. Негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу мерзімі несие мерзімінің соңына жоспарланған, бұл ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері кеңінен баяндалды. Бағдарлама өсімдік және мал шаруашылығын дамытуға, отбасылық бордақылау алаңдары мен сүт фермаларын ашуға, мал басын көбейтуге, құс және балық шаруашылығын дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, өндіріс, өңдеу және қызмет көрсету салаларында жеке кәсіп ашу, жылыжай кешендерін салу, су үнемдеу технологияларын енгізу және бау шаруашылығын дамыту үшін жеңілдетілген несие мен лизинг қарастырылған.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, несие мерзімі 60 айға дейін, жылдық номиналды сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайды. Негізгі қарыз бойынша 12 айға дейін жеңілдік кезеңі ұсынылады. Қаржыландыру сомасы кооперативтер үшін 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін белгіленген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы мен қажетті жабдықтарды лизингке алу мүмкіндігі қарастырылған.
Кездесу барысында тұрғындар кепілмен қамтамасыз ету, құжаттарды рәсімдеу тәртібі, қаржыландыру мерзімі мен шарттарына қатысты сұрақтарын қойып, нақты әрі толық жауап алды. Шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге қолжетімді қаржыландыру құралдарын таныстыру, жаңа бизнес бастамаларын қолдау және өңірде кәсіпкерлік белсенділікті арттыру болып отыр.

Партия активінің отырысы өтті

Алдыңғы

Сарыағаш ауданында қоғамдық көлік жаңартылды

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *