ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

БӘЙДІБЕК: ЖҰЛДЫЗ ЕЛДІ МЕКЕНІ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Бәйдібек ауданы, Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекеніне табиғи газ жеткізілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін күнделікті тұрмысын жеңілдететін маңызды және ұзақ күткен жаңалық болып отыр. Табиғи газға қосылу салтанатты рәсімі аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаевтың қатысуымен өтті. Ол тұрғындарды құттықтап, жобаның маңыздылығына тоқталып, ізгі тілегін білдірді.
– Бұл жоба сіздердің үйлеріңізге жылу әкеліп, күнделікті өмірлеріңізді жеңілдетеді. Бүгінгі күн ауыл тарихында ерекше орын алады деп сенемін. Бұл – бірлік пен тынымсыз еңбектің жемісі. Табиғи газдың елді мекендерге берілуі – Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының айқын көрінісі, – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы.
Салтанатты шараға Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Олжабайқызы Сариева, аталған басқарманың Газ бөлімі басшысы Қуаныш Умиралиев, аудан әкімдігінің өкілдері, ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар, жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме – «KazBuildCo» ЖШС-нің өкілдері және «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының мамандары қатысты. Қатысушылар тұрғындарды құттықтап, жобаның елдің әлеуметтік дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Жобаны жүзеге асыру барысында Жұлдыз елді мекеніне тартылған газ құбырының ұзындығы 10,700 шақырымды құрады. Соның нәтижесінде Бәйдібек ауданының 50 елді мекенінің 39-ы (78%) табиғи газбен қамтылды. Аудандағы жалпы 48 221 тұрғынның 43 778-і (90,8%) газға қосылды. Бұл көрсеткіш елді мекендерді газбен қамтуда үлкен серпін болып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын едәуір жеңілдетеді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы 8 елді мекенде – Ақжар, Қаратас, Тұрақты, Алмалы, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас және Шұқыршақ – газдандыру құрылысы жүргізілуде. Жобалардың толық іске асуы нәтижесінде Бәйдібек ауданының барлық елді мекені 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады. Бұл аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадам болып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, энергиямен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экологиялық таза энергия көздерін қолдануға мүмкіндік береді.
Табиғи газбен қамту жобалары тек тұрғындардың жайлылығы мен қолайлылығын арттырып қана қоймай, ауылдық елді мекендерді дамытуға да серпін береді. Жоба аясында халыққа заманауи қызмет көрсету, қауіпсіздік стандарттарын сақтау, сондай-ақ газды пайдалану мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың жан-жақты ақпарат алуы қамтамасыз етілді.
Аудан әкімдігі мен тиісті басқармалар алдағы уақытта да табиғи газбен қамту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, барлық ауылдық елді мекендерді толық газдандыруға бар күш-жігерін жұмсайтын болады. Осылайша, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсарып, ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтерілмек.

ЖЕТІСАЙ: Қалалық қоғамдық орындарға рейд жүргізіліп, санитарлық тазалық пен қауіпсіздік талаптары тексерілді

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ ЖОЛ-КӨЛІК ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ АУҚЫМДЫ ДАМУДА

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *