ҚоғамМәдениетРуханият

ОРАМДЫ ОЙЛАРЫҢЫЗ ТАУСЫЛМАСЫН!

Бүгін – еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, былтыр ғана ғасырлық тойын тойлаған «Оңтүстік Қазақстан» атты газетпен тағдырын табыстырған нағыз қалам иесінің туған күні.

Қырық екі жыл… Бұл дегеніңіз газеттің бүкіл тынысын, тағдырын, мінезін бірге кешкен тұтас бір өмір емес пе?! Ол жолды корректорлықтан бастап, бас редакторлыққа дейін жеткен азамат Абай Балажан қызметтің емес, нағыз өз ісіне берілген шынайы шығармашылықтың, атақтың емес, адалдықтың адамы екенін әр жазған материалымен көрсетіп келеді. Ол үшін газет-журнал жай ғана жаңалық тарататын құрал емес, насихаттың, тәрбиенің, қоғамдық сананы қалыптастырушы рухани күш, мінбер. Осы газетте он екі жыл Ордабасы ауданы мен Арыс қаласының меншікті тілшісі болып қызмет еткенде оның әр материалға оқылумен қатар, «ой салды ма екен?» деп қарайтынына көз жеткізгенмін. Қай бір жылдары еңбегі адал, еті арам деген есек байғұстардың басын көрінген жерде қалдырып, «Ойбай, не дейсің, қытайға емге сойып жіберіп жатыр екен» деген сөз ел арасында желдей ескені бар. Бірақ, негізі әр ауылдың тоғайында жоғарыда айтқандай болғаны да рас еді.Тіпті ауылдардан есекті емге таппай қалды десе болғандай-тұғын. Осыны жазғанымда, бірінші бетке салған ғой. Газет шыққаннан кейін әкімдіктегілер бас редакторға «Немене, есекті бірінші бетке салып?» деп сөйлеген. Сонда ол «қай жануарды да жазықсыз өлтіріп, жойылуына жол бермеуіміз қажет» деген еді. Оның қаламынан шыққан қай материалға қарасаң да елге ой саларлық жазбалар.

«Қазір руханият төмендеп кетті» деп күрсінумен ғана шектелмей, нақты іс істегендердің бірі де – осы редактор. 4–10 сынып оқушылары арасында батырлар жырын айту бойынша облыстық байқауды ұйымдастыруының өзі өткенді сағынғаннан емес, келешекті ойлағаннан барғанының айғағы.Бұл жас ұрпақтың жадына ерлік пен елдікті қайта сіңіру жолындағы шынайы жанашырлық еді.

Әлеуметтік желіде де ол жай бақылаушы емес, қоғамның ең өзекті мәселелеріне батыл үн қатады. Онда да біреулердей дабыра етіп, өзіне ұпай жинау емес, шырылдаған шындық үшін жаны ашығаннан жазады. Үн қатқанда да айналма жолды таңдамайды, шындықты шырылдатып дәл айтады. Сол үшін де кейде жақтырмайтындар да табылып қалар, бірақ дәл сол қасиеті үшін қадірлейтіндер одан да көп екеніне сенімдімін.

Өзім оны осы шыншылдығы үшін, руханиятқа адалдығы үшін сыйлаймын. Қаламын саудаға салмай, сөзін салмақпен айтатын, ұстанымын жылдар бойы өзгертпеген азамат ретінде ерекше бағалаймын.

Туған күніңіз құтты болсын, журналистиканың нағыз қара нары!

Жүйрік қаламыңыз мұқалмасын, орамды ойыңыз таусылмасын.

Газетпен бірге келе жатқан ғұмырыңыз – жас журналистерге өнеге, қоғам үшін өте қажет. Сіздей азаматтар барда қазақтың руханияты өлмейді! Аман болыңыз, Абай Балажан!

Базаркүл ҚАЛБЫР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ШЫМКЕНТТЕ ӨТКЕН ЖЫЛЫ 82 МЫҢ ТОННА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІ ЖИНАЛДЫ

Алдыңғы

Шымкентте жеңіл өнеркәсіп салалық альянсы құрылды

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *